🤖 Digital

Агродрон дәуірі: Түркістанда жаңа өндіріс іске қосылды

Агродрон дәуірі: Түркістанда жаңа өндіріс іске қосылды

Ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Бұрын адам күші мен ауыр техниканың көмегімен атқарылған жұмыстардың бір бөлігі бүгінде ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларға жүктелуде. Осы үрдіс аясында Түркістан облысында агродрон шығаратын алғашқы өндіріс орны іске қосылды. Жоба агросектордағы еңбек өнімділігін арттыруға, шығынды азайтуға әрі заманауи технологияларды өндіріске енгізуге жол ашпақ.

Сауран ауданындағы Шаға ауылында орналасқан өндіріс алаңында Avatar Agricultural Technology Development компаниясы ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз аппараттарды құрастыруды бастады. Кәсіпорын жылына 500-ге дейін агродрон шығаруға қауқарлы.

Зауыт әзірге егістік алқаптарын дәрілеуге арналған дрондарды құрастыруға маманданған. Мұндай аппарат бір ұшқанда 70 литрге дейін жұмыс сұйықтығын көтеріп, бес гектарға дейінгі алқапты өңдей алады. Бұл әсіресе еңбек күші тапшы, ал егістік көлемі үлкен шаруашылықтар үшін тиімді шешім саналады.

Агродрондардың тағы бір артықшылығы – уақыт үнемдеуі. Дәстүрлі техникамен салыстырғанда олар алқапқа жылдам жетіп, өсімдіктерді дәл өңдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында тыңайтқыш пен химиялық препараттарды пайдалану көлемі оңтайландырылып, шығын азаяды.

Бір дронның құны шамамен 20 мың долларды құрайды. Компания техниканы сатып алу мүмкіндігімен қатар жалға беру қызметін де ұсынады. Бұл шағын және орта шаруашылықтардың жаңа технологияны ірі қаржы салымынсыз пайдалануына жағдай жасайды.

Өндіріс процесі де көп уақыт алмайды. Бір агродронды құрастыруға орта есеппен үш сағат қажет. Қазір зауытта төрт маман еңбек етеді. Компания өкілдерінің айтуынша, өндіріс көлемі ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындары ашылады.

Avatar Agricultural Technology Development компаниясы Қытайда 2019 жылы құрылған. Қазақстан нарығына өткен жылы келген. Қазіргі уақытта қажетті бөлшектер Қытайдан жеткізіледі. Дегенмен компания алдағы уақытта өндірісті жергіліктендіру мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл отандық жеткізушілермен әріптестікті дамытуға әрі өңірдегі өндірістік тізбекті кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.

Жобаның келешек жоспары да ауқымды. Кәсіпорын келесі жылдан бастап өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Жоспарға өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған ұшқышсыз аппараттарды шығару енген.

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының айтуынша, мұндай технологиялардың өндіріске келуі агроөнеркәсіп кешенінің цифрлық жаңаруын жеделдетеді.

«Агродрондарды енгізу ауыл шаруашылығындағы өндірістік процестерді оңтайландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді»,  деді Бекжан Бисенбаев.

Жаңа өндіріс орналасқан индустриялық парк өңірдегі өндірістік белсенділіктің маңызды нүктесіне айналып келеді. Қазір мұнда 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы екі өндіріс орнын іске қосу жоспарланған.

 

Барлық жаңалық