Қоғам

Абай облысында шетелдік турист жартастан құлап мерт болды

Абай облысында шетелдік турист жартастан құлап мерт болды

Абай облысында демалып, шипажайда ем қабылдауға келген 33 жастағы Өзбекстан азаматы тауға шығып, жартастан құлап қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КТК-телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Мақаншы ауданындағы Барлықарасан ауылының маңында болған. Шетелдік осыдан 5 күн бұрын тауға кетіп, қайтып оралмаған. Бастапқыда оны танысы 3 күн бойы өз бетінше іздеп, нәтиже болмаған соң ғана полицияға хабар берген.

Жоғалған туристі іздеуге 90-нан астам адам жұмылдырылды. Олардың қатарында полицейлер, шекарашылар, құтқарушылар мен табиғат қорғау инспекторлары бар. Кешенді іздеу шараларының нәтижесінде ер адамның өлі денесі табылды. Болжам бойынша ол биіктен құлап, сол жерде көз жұмған. Мәйіт тас арасында 2-3 күн бойы жатқан.

«Ер адамның денесі жартастың түбінен табылды, алдын ала мәлімет бойынша бұл жазатайым оқиға», – деді Абай облысы Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділ Қовнашаров.

Барлық жаңалық