Астана полициясы елорда көшелерінде жоғары жылдамдықпен жарыс ұйымдастырған кезекті жүргізушіні құрықтады. Бұл жолы тәртіп сақшыларының құрығына танымал Grand Mobile ойынының авторы, «Forbes 30-ға дейінгі 30» рейтингіне енген Роман Линейцев ілікті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бейнебақылау жүйелері Линейцевтің бағдаршамның тыйым салынған (сары) түсіне сағатына 133 шақырым жылдамдықпен өтіп кеткенін тіркеген. Бұл қала іші үшін өте қауіпті жылдамдық болып саналады.
Полицейлер 27 жастағы кәсіпкердің жеке мәліметтерін тексеру барысында мынадай деректерді анықтады:
-
Оның иелігінде 9 автокөлік бар;
-
Жыл басынан бері бұл көліктермен 50-ден астам жол ережесі бұзылған;
-
Ереже бұзушылықтардың басым бөлігі — жылдамдықты шамадан тыс асыру.
Линейцевтің бұған дейінгі көптеген айыппұлдарына қарамастан, жол ережесін жүйелі түрде бұзуы оның әрекетін «ұсақ бұзақылық» деп тануға негіз болды. Сот тек айыппұлмен шектелу жеткіліксіз деп шешіп, бизнесменді 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Роман Линейцев — табысты кәсіпкер. 2024 жылы оның компаниясы 18 миллион доллар пайда тапқан. Сондай-ақ, ол «Торпедо» хоккей клубы мен көкпар федерациясына демеушілік жасап, стартаптарды қаржыландырумен айналысады.
Бұл оқиға Қазақстан заңнамасындағы жылдамдықты бірнеше рет асырғандарды жүргізуші куәлігінен айыру жазасының жоқтығы туралы мәселені қайта көтеріп отыр. Қазіргі заң бойынша, ол мамыр айында қамаудан шыққан соң, өз көліктерімен қайтадан жолға шыға алады.