Қазақстандықтар енді теңізге билет сатып алып, бар болғаны 62 мың теңгеге Дубайға ұша алады. Лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Ақтаудан Дубайға тікелей рейстер ашатынын хабарлады. Алғашқы ұшулар 29 қарашадан бастап сенбі күндері орындалады. Ал мереке кезеңдерінде қосымша сейсенбілік рейстер де қосылады, деп жазады Ozgeris.info.
Әуе компаниясының хабарлауынша, алғашқы кезеңде ұшулар аптасына бір рет ұшады. Алайда қысқы және көктемгі демалыс маусымында рейстер жиілейді. Ұшу уақыты шамамен үш жарым сағатқа созылады. Күндізгі уақытта ұшатын бұл бағыт отбасы демалысына және қысқа мерзімді сапарларға өте қолайлы.
Базалық тарифке 5 килограммға дейінгі қол жүгін және кездейсоқ таңдалған орын кіреді. Билеттің ең төменгі бағасы – 62 мың теңге (бір бағытқа). Бұл қазақстандықтар үшін теңізге ең арзан әуе бағытының бірі болып отыр.
Егер сапарды Астанадан бастағыңыз келсе, алдымен Ақтауға жету қажет. Елордадан Ақтауға барып-қайту билеті екі адамға шамамен 154 мың теңге тұрады. Ал Ақтау–Дубай–Ақтау бағыты бойынша екі адамға билет шамамен 248 мың теңге болады. Осылайша, жалпы әуе сапарының құны шамамен 400 мың теңгеге шығады.
Айта кетейік, Дубайда алты түнге арналған қонақүй бағасы әртүрлі. Қарапайым қонақ үйлерде 360 мың теңгеден, ал “бәрі қосылған” жүйесі бар қонақүйлерде 900 мың теңгеге дейін жетеді. Орташа деңгейдегі нұсқаны таңдасаңыз, апталық тұру шамамен 400 мың теңге болады.
Тамақ, экскурсия және жергілікті көлік шығындарын қоса есептегенде, екі адамға бір апталық демалыс 950 мыңнан 1,1 миллион теңгеге дейін түсуі мүмкін.