Жаңалықтар

3,5 жастағы Зере Есентайдың өлімі: Сотта жаңа видеодеректер жарияланды (ВИДЕО)

3,5 жастағы Зере Есентайдың өлімі: Сотта жаңа видеодеректер жарияланды (ВИДЕО)

27 қарашада өткен сот отырысында Dent Park стоматологиясында көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген шұғыл медициналық көмектің видеожазбасы көрсетілді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты NewTimes.kz сайтына сілтемемен.

 

Кадрлардан 14:06–15:04 аралығында дәрігерлердің бүлдіршіннің жүрегін іске қосу үшін реанимациялық шаралар жасағаны байқалады. Алайда қызды аман алып қалу мүмкін болмаған. Сондай-ақ видеода палатада бөгде ер адамның жүргені көрінеді.

 

14:56-да жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен.Видеодан ата-ананы палатаға бірден кіргізбегені анық байқалады.Олар ішке кірген кезде қыздарының жан тапсырғанын көрген.15:05-те кадрда ата-ананың жылап, айғайлаған сәті жазылған.

 

Жәбірленуші тараптың адвокаты кадрларда дәрігерлердің дефибрилляторды жерге түсіріп алғанын, ал құжаттарда бұл құралдың қолданылмағаны көрсетілгенін атап өтті. Оның сөзінше, дефибриллятор басқа кабинетте тұрған, бірақ ереже бойынша ол әр бөлмеде болуы тиіс.

 

Ал айыпталушы анестезиолог бұрынғы түсініктемесін қайталап, дефибрилляторды қолдануға негіз болмағанын айтты:

 

«Мониторда жүрек ритмі 300 болып тұрған. Бұл көрсеткіш арқылы бақылау жасауға болады. Дәл сол сәтте дефибриллятор қолданылуы тиіс еді. Бірақ кейін жүректің тоқтағанын көрдім. Оны қолдануға болмайды, өйткені күйік қалдыруы мүмкін, бұл сот-медициналық тексеруде қате ретінде бағаланады», — деді ол.

 

Судьяның:«Сол кезде баланы жоғалтып жатқандарыңызды түсіндіңіз бе?» деген сұрағына анестезиолог:

 

«Жүректің тоқтағанын білдік. Биологиялық өлім тіркелмегенімен, жүрек қызметі тоқтады», — деп жауап берді.

 

Анестезиолог реанимацияға сырттан шақырылған ер адамның не себептен қатысқанын да түсіндірді:

 

«Бұл менің әріптесім. Бұрын Ұлттық кардиология орталығында бірге жұмыс істегенбіз. Реаниматолог ешқашан жалғыз жұмыс істемейді. Қолдау көрсететін маман болуы шарт», — деді ол.

 

Прокурордың «Неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?» деген сұрағына ол:

 

«Жедел жәрдем құрамында дәрігер мен фельдшер бар. Дәрігер реаниматолог емес. Олардың міндеті науқасты тіршілік белгiлeрi бар күйде реанимацияға жеткізу. Ал біз кәсіби реанимациялық көмек көрсеттік», — деп жауап берді.

 

Айыпталушының адвокаты анестезиологтың іс-әрекеті емге кедергі болмағанын айтты. Оның айтуынша, дәрігер бүкіл уақыт бойы пациентпен бірге болған, монитор оған қаратып қойылған, әрі ешқандай қауіп белгілері байқалмаған. Ол анестезиологтың қызды құтқаруға соңғы секундтарға дейін тырысқанын алға тартты.

 

Ал жәбірленуші тарап адвокаты керісінше, құжаттардағы уақыт сәйкессіздіктеріне назар аударуды сұрады. Протоколда өлім уақыты 14:23 деп көрсетілген. Бірақ видеода реанимациялық шаралардың 15:05-ке дейін жалғасқаны байқалады. Ол бұл көрсеткіштің қате енгізілгенін айтып, соттан уақыт айырмасын жіті тексеруді талап етті.

 

Бұған дейін, 25 қарашада сотта көрсетілген бейнематериалда Зеренің наркоз астында стоматологиялық креслода жатқаны, айналасында төрт адамның болғаны көрсетілген. Прокурор Еркебулан Шалқаровтың айтуынша, сарапшылар баланың емделуі толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін анықтаған.Анестезиологтың кінәсі дәлелденсе, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

 

Еске салайық, 2024 жылдың 30 қазанында Зере Есентай стоматологиялық процедура кезінде көз жұмған. Қыздың ата-анасы ем үшін 500 мың теңге төлеген.

 

Барлық жаңалық