Елордалық прокуратура мемлекет кірісіне қаражат өндіріп алу жұмыстарын күшейтті. Соның бірінде жалған шот-фактуралар рәсімдеген Астана тұрғынынан мемлекет пайдасына 304 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Астана қаласының прокуратурасы 2026 жылдың басынан бері мемлекет кірісіне жалпы сомасы 9,8 млрд теңге өндіріп алу туралы 11 талап енгізген.
Солардың бірі бойынша Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Астана тұрғынын жалған шот-фактуралар жазып бергені үшін кінәлі деп таныды.
Сот анықтағандай, 2021–2022 жылдары сотталған азамат өзі басқарған ЖШС атынан нақты жұмыс атқармай және қызмет көрсетпей, электронды шот-фактураларды жалған рәсімдеуді ұйымдастырған. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне тиісті салықтар төленбеген.
Осыған байланысты қала прокуратурасы мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы талап қойды. Сот прокурордың талабын қанағаттандырып, сотталған азаматтан мемлекет кірісіне 304 млн теңгеден астам қаражат өндірді.