2026 жылғы 15 наурызда өтетін бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мереке пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Мәліметтерге сенсек, бұл тек 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдумда қазақстандықтар қолдап дауыс берген жағдайда жүзеге асады.
Конституция жобасының 94-бабында референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болып жарияланатыны көрсетілген. Осылайша, референдум оң нәтиже берген жағдайда, 15 наурыз елімізде қосымша демалыс күні болып белгіленуі мүмкін.
"Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады", – делінген жаңа Конституция жобасында.
Қазір Конституция күні 30 тамызда атап өтіледі. Бұл 1995 жылы Қазақстан Республикасының Негізгі заңы қабылданған күн.