💰 Экономика

27 маусымнан кейін ескі 10 мың теңге жарамсыз бола ма? Ұлттық банк жауап берді

27 маусымнан кейін ескі 10 мың теңге жарамсыз бола ма? Ұлттық банк жауап берді

Қазақстандықтар арасында кейінгі күндері ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттардың тағдыры қызу талқыланып жатыр. Әсіресе 27 маусымнан кейін бұл купюралармен дүкенде есеп айырысуға бола ма деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді, деп жазады Ozgeris.info.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттар әзірге заңды төлем құралы мәртебесінен айырылған жоқ. Сондықтан оларды тауар мен қызмет ақысын төлеуге пайдалануға болады. Алайда кейбір сауда орындары мұндай купюраларды қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтар ескі ақшаны екінші деңгейлі банктерге немесе Ұлттық банктің өңірлік филиалдарына өткізе алады.

«Егер сауда орындары ескі купюраларды қабылдамаса, оларды екінші деңгейлі банкке немесе Ұлттық банктің филиалына тапсыруға болады. Мұны мерзімге қарамастан жасауға мүмкіндік бар», деді Берік Шолпанқұлов Сенаттағы брифингте.

Қазір елімізде «Сақ стилі» сериясындағы жаңа банкноттарды кезең-кезеңімен айналымға енгізу жалғасып жатыр. Бүгінде жаңа үлгідегі купюралардың басым бөлігі қолданысқа шыққан. Тек 20 мың теңгелік жаңа банкнотты шығару 2026 жылдың соңына жоспарланған. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 10 мың теңгелік ескі және жаңа банкноттардың қатар айналыста болу мерзімі 2026 жылғы 27 маусымда аяқталады. Ал 2 мың теңгелік купюралар үшін бұл кезең 24 маусымға дейін жалғасады.

Осы уақытқа дейін ескі және жаңа банкноттар тең дәрежеде заңды төлем құралы саналады және оларды Қазақстан аумағындағы барлық дүкендер мен қызмет көрсету орындары қабылдауға міндетті.

Бұған дейін Ұлттық банк 10 мың теңгелік ескі банкноттардың айналыс мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын да мәлімдеген болатын. Реттеуші мұны халық пен кәсіпкерлер арасында бұл номиналдың кеңінен қолданылуымен түсіндірді.

Сондықтан әзірге ескі 10 мың теңгелік купюраларды жарамсыз деп санауға негіз жоқ. Егер қолыңызда мұндай ақша болса, оны төлем жасауға да, банк арқылы айырбастауға да болады.

 

Барлық жаңалық