Қоғам

221 күн комада, 11 жыл арбада: боксшы Причард Колон қайтыс болды

221 күн комада, 11 жыл арбада: боксшы Причард Колон қайтыс болды

Жақында ғана Причард Колонның өмірден өткені белгілі болды. Кәсіпқой боксшы бұл дүниеден жүріп кеткенде бары-жоғы 33 жаста еді. Алайда оның соңғы 11 жылын ешкім толыққанды өмір деп айта алмас еді,деп хабарлайды Ozgeris.info.

2015 жылдың 17 қазанында шаршы алаңда орын алған қайғылы оқиғаның салдарынан пуэрториколық боксшы мүгедектер арбасына таңылды, тіпті сөйлеу қабілетінен де айырылды. Причардтың отбасы жақсылықтан үміт үзбей, боксшыны емдеп алмаса да, ағзасының кейбір функцияларын қалпына келтіруге барынша тырысып бақты. Өкінішке қарай, Колонның жүрегі мәңгілікке тоқтады.

Жарқын болашақтан басталған мансап

Флоридада туып-өскен, пуэрториколық тамыры бар спортшы өз буынындағы ең дарынды боксшылардың бірі саналған еді. Сымбатты, күлімсіреп жүретін жігіт Пуэрто-Риконың бірнеше дүркін чемпионы атанып, жастар арасындағы Панамерикалық ойындардың алтынын иеленді және Олимпиада ойындарына жолдама алуға шақ қалды. Осыдан кейін ол кәсіпқой боксқа ауысуды жөн көрді.

Жас кәсіпқойға тән әдетпен Колон өте жиі жекпе-жекке шықты: мысалы, 2014 жылдың өзінде ол жеті кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Көп ұзамай Причард 16-0 есебімен тамаша рекорд орнатты, оның үстіне тек үш қарсыласы ғана төрешілер шешіміне дейін шыдай алды оның соққысы өте жойқын еді.

Қарсыластың ереже бұзуы және төрешінің салғырттығы

Ақырындап Причард қарсыластарының деңгейі де өсе бастады. Оның 17-ші қарсыласы 14-0 рекорды бар америкалық Террел Уильямс болды. Текпе-жек басынан-ақ Колон үшін оңайға соқпады, дегенмен жекпе-жектің алғашқы жартысы оның пайдасына шешілді: Уильямс агрессивті түрде шабуылдағанымен, жылдамдық пен дәлдік жағынан сәл жол беріп жатты. Тек Террел ережеге қайшы келетін соққыларды шебер пайдаланып, Причардтың желкесіне «қоян соққысын» (удар кролика) қайта-қайта бағыттаумен болды.

Пуэрториколық боксшы төреші Джо Куперге өзіне қарсы ереже бұзылып жатқанын бірнеше рет ишаралап білдіргенімен, рефери бұған мән бермей, тек «өзіңді өзің қорға» деп басын ашып айтумен шектелді.

Тоғызыншы раундта Колон қарсыласының белбеуден төмен жеріне соққы дарытып, бұған жауап ретінде желкесіне тағы да жойқын соққы алды. Причард құлап, басын ұстағанмен, төреші бұл жағдайды жай ғана нокдаун деп есептеді. Пуэрториколық орнынан тұрып, жекпе-жекті жалғастырды, бірақ оның жанары бұлдырап, қозғалысы кенеттен баяулап кетті. Колонның командасы да ешқандай шара қолданбай, өз шәкірттерінің соққының астында қалып жатқанын сырттан бақылап тұрды.

10-шы раунд алдындағы үзілісте, жекпе-жек аяқталды деп қате ойлаған бапкерлері оның қолғабын шешіп тастады. Ақырында Причард дисквалификациямен жеңілді, бірақ ол кезде бұл оны мүлде толғандырмаған еді. Боксшының жағдайы көз алдында нашарлай берді, ол шешінетін бөлмеге анасының көмегімен әрең жетіп, бірнеше рет құсқаннан кейін есінен танып қалды.

Комада өткен 221 күн және 11 жылдық күрес

Колонды шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, оның миына қан құйылғанын анықтады. Дәрігерлер ми ішіндегі қысымды төмендету үшін трепанация жасауға мәжбүр болды, осыдан кейін боксшыны жасанды комаға енгізді.

Причард тек 221 күннен кейін ғана есін жиды, бірақ ол бұрынғы калпына ешқашан келе алмады. Ол сөйлей де, өздігінен қозғала да алмайтын. Өкінішке қарай, Колонның отбасының барлық күш-жігеріне қарамастан, жылдар өте келе де ешқандай жақсару болған жоқ. Спортшыны жақындары 11 жылға жуық уақыт бойы көздің қарашығындай бағып-қақты, бірақ оны тарихи отанына көшіру мүмкін болмады — бұл тым қауіпті еді.

Барлық жаңалық