2026 жылы Қазақстанда үй алуды жоспарлап жүрген азаматтар үшін мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар тоқтамайды. Керісінше, бұрын басталған бастамалар өз жалғасын тауып, әр әлеуметтік топқа арналған бағыттар сақталып отыр. Krisha.kz мамандары бағдарламаларды тізіп жазыпты.
Бір бағдарлама жас отбасыларға ыңғайлы, бірі жұмысшы мамандық иелеріне, енді бірі әйелдерге немесе экологияны ойлаған тұрғындарға арналған. Ең бастысы, бұл бағдарламалардың шарттары белгілі және алдын ала дайындалуға мүмкіндік бар.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы
«Наурыз» бағдарламасы 2026 жылы да жұмыс істейді. Отбасы банк бұл ипотеканың кемінде 2031 жылға дейін жалғасатынын ресми түрде хабарлаған. Яғни, алдағы 6 жыл бойы бұл бағытта тұрақтылық сақталады. 2026 жылы жаңа өтінім қабылдау уақыты әзірге нақтыланбаған, бірақ көктем мезгілінде басталуы мүмкін.
Бағдарламаның шарттары көп адамға түсінікті. Жылдық мөлшерлеме 9%, ал әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтар үшін 7%. Бастапқы жарна пәтердің жағдайына байланысты белгіленеді. Таза әрлеудегі пәтерге 10%, әрленбеген үйге 20%. Астана мен Алматы қалаларында несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Қарызды өтеу мерзімі 19 жылға дейін. Мамандар бұл ипотеканы сабырмен, есеппен үй алғысы келетін адамдарға лайық деп бағалайды. Олардың айтуынша «Наурыз» ипотекасы асығыс шешімге емес, ойланып қадам жасауға шақырады. Ай сайынғы төлем де адамға салмақ салмайды.
«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы
«7-20-25» бағдарламасы 2026 жылы да өз жұмысын тоқтатпайды. 5 қаңтар күні бұл ипотекаға 25 млрд теңге көлемінде жаңа транш бөлінеді. Бағдарламаның негізгі шарттары сақталады. Жылдық мөлшерлеме 7%, бастапқы жарна 20%, несие мерзімі 25 жылға дейін. 2026 жылға арналған маңызды өзгеріс – несие сомасының ұлғаюы. Астана, Алматы және олардың маңындағы аумақтарда, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 30 млн теңгеге дейін беріледі. Қарағанды қаласында 25 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 20 млн теңгеге дейін. Сарапшылар мұны тұрғын үй бағасының өсуімен байланыстырады. 7-20-25 әлі де бірінші баспана алатындар үшін ең түсінікті бағдарлама болып отыр.
«Ұмай» әйелдер ипотекасы
«Ұмай» ипотекасы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланғанымен, сол жылы басталмай қалды. Енді негізгі үміт 2026 жылға артылып отыр. Қазіргі таңда нақты лимиті мен іске қосу уақыты жарияланған жоқ.
Алдын ала белгілі шарттарға сәйкес, бастапқы жылдық мөлшерлеме 14,4%. Кейін ол 3,5 пен 5 % аралығына дейін төмендейді. Бастапқы жарна 15% пен 20% аралығында. Ең жоғары несие сомасы 50 млн теңге. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін. Сарапшылар бұл ипотеканы ұзақмерзімді жоспар құратын әйелдерге арналған деп бағалайды.
«Жасыл ипотека» бағдарламасы
«Жасыл ипотека» – энергия үнемдейтін және экологиялық талаптарға сай тұрғын үйлерді сатып алуға арналған бағдарлама. Мұндай тұрғын үйлерде LEED, BREEAM, ГОСТ Р немесе OMIR сертификаты болуы тиіс.
2025 жылы бұл бағдарлама арқылы 570 ипотекалық несие рәсімделіп, жалпы сомасы 14,7 млрд теңгені құраған. 2026 жылы да бұл бағыттағы ипотекалау жалғасады. Бірақ басты шарт – «жасыл» талаптарға сай тұрғын үй табу.
Бағдарламаның шарттары мынадай. Ең жоғары несие сомасы 50 млн теңгеге дейін. Бастапқы жарна 20%, ал тұрғын үй төлемдерін алатын азаматтар үшін 15%. Жылдық мөлшерлеме 12.5%. Қарыздың 50% жиналған соң мөлшерлеме 3,5 пен 5% аралығына дейін төмендейді. Мамандар бұл бағдарламаны болашақты ойлайтын адамдарға арналған деп сипаттайды.