💰 Экономика

2026 жылы Қазақстан Өзбекстаннан 900 млн кВт-сағ электр энергиясын сатып алады

Қазақстан 2026 жылдың көктемінен бастап Өзбекстаннан шамамен 900 миллион кВт-сағат көлемінде электр энергиясын сатып алады. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Астана, Бішкек және Ташкент 2026 жылға дейінгі су-энергетикалық баланс бойынша келісімге келген. Келіссөздер 2025 жылдың 7 қыркүйегінде Шолпан-Ата қаласында өткен. Осы жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қырғызстан және Өзбекстан өкілдерімен кездесіп, өңірдегі су-энергетикалық тепе-теңдікті сақтау мақсатында бірқатар хаттамаларға қол қойған.

Бірінші келісім бойынша Тоқтағұл су қоймасынан су жіберу процесі реттеледі. Бұл шара су қоймасындағы су деңгейін қажетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге еліміздің оңтүстік аймақтары алдағы вегетациялық кезеңде суармалы сумен толық қамтылмақ.

Екінші келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Бұл электр Ресей Федерациясынан алынып, Қазақстанның энергетикалық жүйелері арқылы транзиттеледі.

Үшінші келісім бойынша Өзбекстан 2026 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін Қазақстанға шамамен 900 миллион кВт-сағат көлемінде электр энергиясын жеткізеді. Министрліктің хабарлауынша, осы кезеңде елдің оңтүстігіндегі бірқатар электр станциялары жаңғыртылады. Сондықтан туындайтын уақытша тапшылық Өзбекстаннан алынатын энергия есебінен өтелмек.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл келісімдердің өңірлік қауіпсіздік үшін маңыздылығын атап өтті.

«Қол қойылған хаттамалар – көрсеткіштері, мерзімі мен бағалары көрсетілген нақты жұмыс құжаты. Біз жеткізудің техникалық шарттарын нақтылап, өзекті мәселелерді шештік. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындайды және серіктестер тарапынан да осындай ұстанымды күтеді. Бұл өңірдің энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі», деді министр.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясына деген сұраныс артқан. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл жылы тұтыну көлемі 4,3 пайызға өсті. Қазіргі таңда Қазақстан электр энергиясының негізгі бөлігін Ресейден импорттайды.

Барлық жаңалық