💰 Экономика

2026 жылы көліктер жаңара ма?

2026 жылы көліктер жаңара ма?

Елімізде көлік көбейіп келеді. Жолда жүрсеңіз, бірден байқайсыз. Бірақ сол көліктердің қаншасы жаңа, қаншасы ескі деген сұраққа келгенде ойланамыз. Бүгінде Қазақстан автоиндустриясының басты мәселесі біреу – ел автопаркін жаңарту. Яғни, халық мінетін көліктің жасын жасарту, деп жазады Ozgeris.info.

2025 жылдың қорытындысын шығарған көлік саласының негізгі ойыншылары 2026 жылдың бағытын айқындады. «Автоиндустрияның даму перспективалары – 2026: трендтер мен болжамдар» атты баспасөз конференциясын Қазақстанның Автокөлік Одағы ұйымдастырды. Жиынға ҚАО президенті Анар Макашева, Orbis Auto компаниясының бас директоры Динара Искакова, Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина, СемАЗ ЖШС бас директорының орынбасары Қыдыролла Жумагулов, Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев қатысты.

Барлығының ортақ пікірі айқын. 2026 жылы автопаркті жаңарту негізгі күн тәртібінде болады. Бұл мәселе неге маңызды. Себебі еліміздегі көліктердің 41%-дан астамы 20 жылдан асқан. Бұл дегеніміз жолда жүрген әрбір екінші көлік дерлік ескі деген сөз. Ескі көлік жиі бұзылады, қауіпсіздігі төмен, қоршаған ортаға зияны көп. Сондықтан автопаркті жаңарту тек сән үшін емес, қауіпсіздік пен экология үшін керек.

 «Қазақстан автопаркін жаңарту – бұл экология мен жол қауіпсіздігінің тікелей мәселесі. Кепілдігі бар, қолжетімді бағадағы жаңа, заманауи, технологиялық автомобильдер қазақстандықтар үшін басым міндет болуы тиіс. Біз автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіріп жатырмыз. Бұл автокөлік бағасының негізсіз өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң талаптарын бұза отырып әкелінген автомобильдер мәселесі де өзекті. Мұндай көліктер азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл бағытта түбегейлі шаралар қажет», деді Анар Макашева.

Сандар не дейді? ҚАО сарапшылары мен Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, жаңа автокөліктер сатылымы жыл сайын 5-15% өсіп келеді. 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ресми дилерлер арқылы 234852 жаңа автомобиль сатылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4% жоғары. Қазақстан нарығы қатарынан 2 жыл 200 мыңнан астам сатылым деңгейін сақтап отыр. Ең маңыздысы, 2025 жылы сатылған көліктердің 69% – отандық өндірістегі автомобильдер. Демек, халық Қазақстанда шығарылған модельдерге сеніп отыр.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде 1000 адамға 291 автомобильден келеді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 500-ге дейін жетеді. Яғни, бізде әлеует бар, бірақ көліктің сапасы мен жасы маңызды.

Баға мәселесі халық үшін ең өзекті сұрақ. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы желтоқсанда жаңа жеңіл автомобильдер бағасы бір жылда 5,4% өскен. Ал отандық жаңа автомобильдердің бағасы небәрі 1,9% артқан. Бұл жергіліктендірудің әсері.

 «Өндірісті жергіліктендіру автомобильдердің өзіндік құнын төмендетеді. Бұл дегеніміз сатып алушы үшін көлік қолжетімді бола түседі. 2025 жылғы қыркүйекте Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауыты іске қосылғаннан кейін біз Chery, Changan және Haval брендтерінің бірқатар модельдеріне 7-15% аралығында бағаны төмендеттік. 2026 жылғы қаңтарда автосалондарда арнайы ұсыныстар жалғасып жатыр. Мұның бәрі халықты көлігін жаңартуға ынталандырады»,  дейді Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Қазір көліктің басым бөлігі несие арқылы алынады. Orbis Auto бас директоры Динара Искакова 2026 жылғы негізгі үрдісті түсіндірді:

«Несиелік мәмілелердің үлесі 70%-дан асқан жағдайда автомобиль бірнеше жылға арналған қаржылық шешімге айналады. Сатып алушы енді тек бағаны емес, иеленудің толық құнын есептейді. Ол қаржыландыру шарттарын, ай сайынғы төлемді, болашақ шығындарды қарайды. 2026 жылы сұраныстың құрылымы дәл осы рационалды есепке негізделеді. Адамдар ойланып, есептеп барып шешім қабылдайды».

СемАЗ өкілдері де бұл бағыттың жүйелі жұмыс екенін айтты. Қыдыролла Жумагуловтың сөзінше, ивестициялық жоспарлар, дилерлік желіні дамыту, кепілдік пен сервис – мұның бәрі жауапты даму. Біз осы басымдықтарды сақтаймыз. Автопаркті жаңарту бір күнде болмайды. Бұл ұзақ мерзімді жоспардың нәтижесі. Ал өндірістің болашағы кадрға байланысты. Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина инженер мамандардың маңызын ерекше атап өтті.

«2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл инженерлік мамандықтардың беделін арттырудың маңызын көрсетті. Біздің сала үшін бұл – технологиялық егемендік мәселесі. CKD өндіріс, роботтандыру, жаһандық брендтердің стандарттары жоғары білікті кадрларды талап етеді. Өткен жылы 4000-нан астам қызметкер мен студент Allur корпоративтік университетінде білім алды. Біз жоғары оқу орындары мен колледждермен ынтымақтастықты кеңейтеміз. Біздің мақсатымыз – тек автомобиль шығару емес, Қазақстанда тұрақты индустриялық экожүйе қалыптастыру», деді ол.

Қарапайым тілмен айтқанда, 2026 жылы басты әңгіме – халық мінетін көліктің сапасы мен жасы туралы болады. Ескі көлік азайса, жол қауіпсіздігі артады, экология жақсарады, өндіріс дамиды. Баға қолжетімді болса, халық жаңа көлікке оңайырақ қол жеткізеді. Сала өкілдері осы бағытта жұмыс істеуге дайын екенін айтып отыр. Енді нәтиже халықтың таңдауынан көрінеді.

 

Барлық жаңалық