Келер жылға қатысты ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі –валюта бағамы. Доллардың тағдыры қандай болады, теңге қаншалықты әлсірейді немесе ұсталып тұра ма деген сұраққа сарапшылар өз болжамын айта бастады. Негізгі бағамдар мен цифрлар сыртқы факторларға тәуелді екенін тағы да көрсетіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңге болуы мүмкін. Мұндай болжамды Еуразиялық даму банкі ұсынған. Банк келер жылы Қазақстан экономикасында өсім сақталады деп есептейді. Бірақ бұл өсім бұрынғыдай ішкі емес, көбіне сыртқы факторларға байланып отыр. Әсіресе мұнай нарығындағы жағдай шешуші рөл атқарады.
ЕАДБ бағалауынша, 2026 жылы ел экономикасы 5,5%-ға өседі. Бұл серпіннің негізгі көзі мұнай саласы болып отыр. Болжамға сәйкес, мұнай өндіру көлемі келер жылы 3% артады. Экономика қозғалған сайын баға мәселесі де қатар жүреді. Соған қарамастан, сарапшылар инфляциялық қысым біртіндеп әлсірейді деп санайды.
Банктің дерегінше, 2026 жылдың соңына қарай инфляция 9,7% деңгейіне дейін баяулауы мүмкін. Мұндай нәтиже Ұлттық банктің қатаң ақша несие саясатының әсері ретінде қарастырылады. Реттеуші базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстап отыр. Бұл қадам ішкі сұранысты тежеп, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.
ЕАДБ сарапшылары Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың екінші тоқсанының басына дейін 18% деңгейінде сақтайды деп есептейді. Инфляцияның баяулауы тұрақты сипат ала бастағанда ғана мөлшерлемені төмендету үдерісі жүруі мүмкін. Банк болжамына сәйкес, 2026 жылдың соңында базалық ставка шамамен 14% болады.
Осы саясат валюталық нарықтағы жағдайға да тікелей әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы теңгеге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетеді. Соған қарамастан, сыртқы қысым факторлары толық жойылып кетпейді.
Сарапшылар ұлттық валютаға қысым түсіретін негізгі себептер ретінде мұнай бағасының арзандауын және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруын атап отыр. Бұл факторлар теңгенің әлсіреу қаупін күшейтеді. Дегенмен жағдай біржақты емес.
«Бұл қысымды жұмсартатын жайттар да бар. Мұнай экспорты көлемінің артуы және жоғары пайыздық мөлшерлемелер теңгені белгілі бір деңгейде ұстап тұруы мүмкін. Осы факторлардың жиынтығы 2026 жылы теңгенің орташа бағамын 1 доллар үшін 535 теңге шамасында қалыптастырады», дейді ЕАДБ.
Ал Bank of America сарапшылары инфляцияға қатысты өзге сценарий ұсынады. Олардың болжамынша, Қазақстанда инфляция 2026 жылдың қаңтар айында шегіне жетіп, шамамен 15% деңгейінде қалыптасады. Бұл баға қысымы жылдың басында күштірек болатынын меңзейді.
Сарапшылардың кең көлемді бағалауы бір нәрсені анық көрсетіп отыр. 2026 жылы теңге де, доллар да ішкі шешімдерден гөрі сыртқы жағдайға көбірек тәуелді болады. Мұнай нарығы, ақша несие саясаты және инфляцияның бағыты валюта бағамының басты бағдаршамына айналмақ.