Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды күшейтуге бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі – «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында берілген тапсырмалар шеңберінде жобаның іске асырылу барысын қарады. Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Жоба Павлодар облысы Екібастұз қаласында биыл қаңтарда іске қосылған.
Жоспарға сәйкес, бұл бастама Орталық Азиядағы қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі деректер орталығы кешенін құруды көздейді. Қазіргі таңда 1,4 мың гектар жер телімі бөлініп, инженерлік желілер тартылуда. Инвесторларды тарту үшін қосалқы электр стансасын сатып алу және мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу шаралары қолға алынған.
Жоба аясында 100 МВт көлемінде дайын қуат қарастырылған. Сонымен қатар жасанды интеллектке бейімделген, әрқайсысы 50 МВт болатын төрт кезеңдік орталық салу жоспарланып отыр. Нысандар халықаралық Tier III стандартына сәйкес салынып, энергия тиімділігі PUE 1.25 деңгейінде болады. Шетелдік серіктестер үшін арнайы Greenfield аймағы қарастырылған.
Байланыс сапасын арттыру мақсатында желілік кідіріс 80 миллисекундтан 57 миллисекундқа дейін төмендейді. Бұл Қазақстанды Еуропадағы жетекші трафик алмасу орталықтарының деңгейіне жақындатады.
Жобаның толық жүзеге асуы елді аймақтық цифрлық және есептеу қуаттылығы орталығына айналдырып, 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кеңес қорытындысында Премьер-министр жауапты органдарға жобаны белгіленген мерзімде аяқтау және қажетті нормативтік шешімдерді жеделдету бойынша тапсырмалар жүктеді.