«Қыздың анасы арыз жазудан бас тартты»: полиция Қырғауылдыдағы оқиғаға түсініктеме берді

Алматы облысы Қырғауылды ауылында жеткіншек қызды көршісі байлап тастаған. Полиция түсініктеме берді.

Бейнежазбада әйел жеткіншектің аузы мен қолын байлап тастаған. Полицияның айтуынша, әйелдің жасы — 23-те.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, ол мұны кәмелетке толмаған баланың ата-анасына ашуланып істеген. Өйткені қыздың әке-шешесі бейнежазбадағы әйелге ақшалай қарыз болған. Бірақ күдікті баланы босатып қоя берген», — дейді ведомство.

Ал жәбірленуші қыздың анасы ауылдастарының үстінен арыз жазудан және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін қызын ұсынудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Бұл факт Қылмыстық кодекстің 389-бабы бойынша («Өзінше билік ету») Жамбыл аудандық полициясында тіркелген. Қажетті сараптамалық тексерулер жасалады дейді полиция.