Медициналық мекемелерді жөндеуге жекелеген инвесторлар да тартылып жатыр

Алматы облысында бірқатар медициналық мекемелерге мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда 2020 жылы сенімгерлік басқару құқығына ие болған «A-CLASS MEDICAL» ЖШС Талғар аудандық ауруханасына қарасты 27 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Аурухана қазір медициналық қызметтердің барлық циклін ұсынып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 4 жаңа медициналық орталық пайдалануға берілді. Атап айтқанда Еңбекшіқазақ ауданындағы Достық ауылы мен Қ. Ұлтарақов ауылында, Талғар ауданы Қызыл Қайрат ауылы және Іле ауданындағы Чапай ауылында медициналық орталықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған барлық орталықтарда халыққа қажетті бейінді мамандар медициналық қызмет көрсетіп отыр.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақтаева Ләззат Мейрашқызы облыста денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспары бойынша жұмыстар атқарылып отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі таңда Алматы облысындағы 340 мемлекеттік мекеменің ішінде 40 нысанның инфрақұрылымын жақсарту қажет. Ол үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдану жөніндегі ұсыныстар қаралып жатыр.
93 мекеменің инфақұрылымы жақсартылды. Атап айтқанда 2022 жылы 30 нысан, 2023 жылы 44 нысанның жұмысы аяқталды. Ал 2024 жылы 19 нысанда аяқтау жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – денсаулық сақтау нысандарын салуда бюджет қаражатын үнемдеуге, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңа ғимараттарды салуға мүмкіндік береді.
Облыста жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 2022 жылы 4 нысанға, 2023 жылы 1 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 6 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. 2023 – 2024 жылдары 5 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар 2022 жылы 4 нысанның құрылысы аяқталып, 16 блокты-модульдік кешен қолданысқа берілді. 2023 жылы 11 блокты-модульдік кешен орнату жұмыстары аяқталады.
2023 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 6 объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстары (2 емхана; 2 дәрігерлік амбулатория; 1 фельдшерлік-акушерлік пункт; 1 медициналық пункт) жүргізіледі, оның 4-уі 2023 жылы, 2-уі нысанның жұмысы 2024 жылы (2-емхана) аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 2 аурухананы жаңғырту жұмыстары 2024 жылы аяқталады. 2023 жылы 27 МСАК объектісін, 2024 жылы 11 объектіні салу көзделген.