Қазақстан мен Түркия Каспийде кемелер тұрғызуға кіріседі

Ел Үкіметі кеме жасау индустриясын дамытуды ұйғарды. Бұл ретте «қазіргі кезде Қазақстанның теңізде қанша кемесі бар және қаншасы жаңадан жасалады?» деген сауал туындайды.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандық сауда флоты 20 кемеден ғана тұрады. Олардың бәрі бірдей Ақтау және Құрық порттарында емес. Атап айтқанда:

— Қара және Жерорта теңіздерінде мұнайды тасымалдайтын қазақстандық 2 танкер жүзіп жүр: әр кеменің тасымалдау мүмкіндігі 115 мың тонна.

— Каспий теңізінде 11 танкер болса, оның екеуі жаңа: былтырғы қарашада «ҚазМұнайГаз» және «Әбу Даби Портс» компаниялары бірлесіп сатып алды.

— Құрғақ жүктерді тасымалдайтын қазақстандық 4 кеме мен 3 контейнер тасымалдағыш та бар.