Су тасқынынан зардап шеккен көкшетаулықтар жаңа баспанаға ие болды

Су тасқынынан зардап шеккен көкшетаулықтар жаңа пәтерлердің кілтін алды, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі. Бірінші болып Капаровтар мен Никулиндер отбасы мемлекеттік қордан баспана алды. Олар өздерінің жаңа үйлерін таңдады.

«Біздің мәселемізді тез шешіп жатқаны үшін президентке рахмет. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш, балалар риза, баршаға үлкен рахмет. Біз өз тарапымыздан бұл үйде тек жайлылық болсын деп тырысамыз «, — деді Сәуле Қапарова.

Мемлекеттік қолдау тұрғын үй берумен шектелмейді: өтемақы төлеу және мүлікті қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін облыс орталығында 174 отбасы 65 млн теңгеден астам сомаға бір реттік жәрдемақы алған болатын.

Бұдан басқа, материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 12 отбасына 8 млн теңгеден астам өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Қазір комиссия тұрғын үйдің одан әрі тұруға жарамдылығына сараптама жүргізуде.

Облыс әкімдігінің фотосуреті