«Браво, Опера!»: ASTANA OPERA опера академиясының жаңа солистері алғашқы концертін берді

ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының жаңа құрамы дайындаған алғашқы концерт «бәрекелді» деген дауыстармен өз мәресіне жетті. Бірінші рет «Браво, Опера!» бағдарламасымен елордалық театрдың К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасына шыққан жас солистерді классикалық музыка жанкүйерлері жылы қабылдады, хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Концерт академия коучтары: танымал опера әншісі, вокал бойынша маэстро Марина Мещерякова (Вена, Австрия), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры, профессор Азамат Жылтыркөзов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинамен бірге солистердің атқарған жұмыстарының бірінші айының қорытындысы болды.

– Өзімнің әріптестерімнен, яғни академия тыңдаушыларымен өте табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана Операның» тамаша солистерінен эстафетаны қуана қабылдадым, – деді Марина Мещерякова. – Әлем бойынша жастар бағдарламаларының құрамы жасарып келеді, соның жарқын үлгісі ASTANA OPERA академиясы болып табылады. Жастар өте дарынды, қолдарынан іс келетіні көрініп-ақ тұр. Олардың дайындалуға құлшынып тұрғаны, әрдайым жаңа сезімдер мен дауыс реңктерін іздеумен жүретіні таңғалдырады.

Академия солистерінің алғашқы концертінің бағдарламасына бельканто дәуірінен бастап заманауи музыкаға дейін әлемдік опера классикасының жауһарлары енді. В.А.Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсынан Графиняның ариясын Анастасия Ремескова тамаша орындаса, осы операдан Граф пен Сюзаннаның дуэтін Нематилло Зкруллаев пен Лейла Аламанова шырқады. Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсынан Немориноның романсын Нұрсұлтан Әнуарбек, В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Оттавионың ариясын Шохрух Юнусов шебер ұсынды. Концертте Мерей Қадырхановтың орындауында Дж.Вердидің «Ломабардцы» операсынан Оронтенің ариясы мен Сұлтан Бақытжанның орындауында «Дон Карлос» операсынан Родригоның ариясы шырқалды. Жас орындаушылар елордалық көрермендерді тәнті етті.

Сондай-ақ Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолетта мен Альфредтің, Жермон мен Виолеттаның дуэттері, Дж. Пуччинидің «Богема» операсынан Мимидің әңгімесі, Ф.Шуберттің «Аве Мариясы», Ш.Гуноның аттас операсынан Фаусттың ариясы, Г.Манчинидің «Moon river» әні, үш тенордың орындауында неаполитандық әндерден попурри шырқалды. Кештің барлық қатысушыларының орындауындағы А.Аданның «O Holy Night» гимні концерттің ғаламат қорытындысына айналды.

Фортепиано партиясында концертмейстер Жанар Ахметова өнер көрсетті.

– Халықаралық опера академиясының солисті ретіндегі бірінші ай өте мазмұнды әрі қызықты өтті. Көпшілік біздің өнер көрсетуімізден ләззат алуы үшін көп еңбектендік, – деп пікірімен бөлісті Лейла Аламанова. – Марина Мещерякова секілді ұстаздармен жұмыс істеу үлкен бақыт. Ол керемет! Біз өнер көрсеткен концерт «Астана Опера» театры сахнасына алғаш рет шығуымыз болды: бұл сондай жан тебірентерлік әрі жауапты сәт. Мен барлығы керемет өткеніне және елорда көрермендері бізді жылы қабылдағанына қуаныштымын. Бұл қойылым бізге өзімізбен жұмыс істеуді жалғастыру үшін жаңа күш берді деп ойлаймын.

ASTANA OPERA халықаралық опера академиясы – республикамыздың теңдессіз бірегей білім беру жобасы. Оның басты мақсаты әлемдік дейгейдегі вокалистерді дайындау және қазақстандық орындаушылық өнердің имиджін нығайту.