Олжас Бектенов: ең басты міндет – тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Премьер-Министр, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қазіргі кезде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отырған Қостанай облысында жүр

Үкімет басшысы су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б. Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.

Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді. Мәселен, Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ға, Қаратомар 97%-ға, Жоғарғы Тобыл 93%-ға толып отыр, Сергеев және Амангелді су қоймалары транзиттік режимде өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатыр.

Олжас Бектенов басты міндет тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Премьер-Министр жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін жасалып жатқан шаралармен танысты.