«AQMOLA POWER» жаңа инновациялық идеялар мен жобаларымен толықты

Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы жастардың шығармашылық, білім беру және әлеуметтік бастамаларын дамыту және қолдау, жас адам тұлғасын дамыту, жастардың жобалық-зерттеу және ғылыми жұмысқа қатысуын ынталандыру мақсатында жыл сайынғы жастар, студенттер, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер арасында «AQMOLA POWER-2023» инновациялық идеялар мен жобалардың аймақтық байқауын өткізді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

I кезең – байқау материалдарын қабылдау және жүйелеу. II кезең – ең жақсы жобаларды іріктеу. III кезең – 2-кезеңнен өткен жобалардың презентациясы, қорытындысы анықталды.

Байқауға жастар, мектеп оқушылары сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жоғары оқу орындарының студенттері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, жас оқытушылар, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ, байқауға 5 адамнан аспайтын идея авторларының топтары қатыса алды.

Аталған 2 кезеңнің қорытындысы бойынша 76 қатысушыдан 29-ы ақтық кезеңге өтті.

«Атап өтсек, аталмыш шараны жыл сайын ұйымдастырып отырамыз. Жастар арасында түрлі бағытты қамтитын жобалар еліміздің дамуына әсерін тигізеріне кәміл сенемін. Материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданды. Әрбір қатысушы өз жобалары мен идеяларын жоғары деңгейде қорғап шықты. Әрқайсысыларына қатысқаны үшін сертификаттар табысталды. Ал жеңімпаздарды жыл соңында «Жас Ақмола» қорытынды іс-шарасында марапаттайтын боламыз» — деп облыстық ЖРО басшысының міндетін атқарушы – Асия Закенай тоқталып кетті.

Шара, «Энергетика саласындағы инновациялар» (энергияның баламалы көздері, энергия тиімділігі және т. б.), «ІТ» саласы, сондай-ақ «Экология және табиғатты пайдалану саласындағы бастамалар» бағыттары бойынша іске асырылды.

Байқаудың комиссия отырысының қорытындысы бойынша келесі жобалар жүлделі орынға ие болды: Энергетика саласындағы инновациялар бағыты бойынша 3-орынды «Механикалық энергияны электр энергиясына айналдыру арқылы қуаттау құрылғысы» атты жобасымен Н.Назарбаев атындағы интеллектуалды мектебінің оқушысы – Болат Назерке иеленсе, 2-орынды «Жел генератордың әмбебап модулі» жобасымен Щучинск қаласының жоғары техникалық колледжінің студенті – Торичный Александр иеленді. Ал бас жүлде «Дыбыс энергиясынан электр энергиясын алу» жобасымен Н.Назарбаев атындағы интеллектуалды мектебінің оқушысы – Аманбай Айшаға бұйырды. «ІТ» саласы бағытында 3-орынға «Qaz Kids» жобасымен Көкшетау қаласының гуманитралық техникалық академиясының студенттері – Самцов Никита пен Романов Вадим ие болды. 2-орынды «Нашар көріну жағдайында жолдардағы авариялық жағдайлардың алдын алу жүйесі» жобасымен Н.Назарбаев атындағы интеллектуалды мектебінің оқушылары – Ескен Қайрат және Жакупов Даниел алды. Аталған бағыт бойынша «Сандық зират» жобасымен «Bolashaq Saraiy» мекемесінің оқушысы – Досым Бауржан жеңіске жетті. Соңғы «Экология және табиғатты пайдалану саласындағы бастамалар» бағытының қорытындысы бойынша 3-орынды «Батареяларды магниттік бөлу әдісімен қайта өңдеу» жобасымен жобасымен Н.Назарбаев атындағы интеллектуалды мектебінің оқушысы – Олжабеков Ануарбек алса, 2-орынды «Leaf Craft» жобасымен «Bolashaq Saraiy» мекемесінің оқушылары – Жамбылов Санжар мен Кенжебаева Әйгерім иеленді. Ақтық сында аталмыш бағыт бойынша жеңіске жеткен «Өрттен қорғайтын оқпанмен көлемді өрт сөндіру технологиясының тиімділігі» жобасымен А. Мырзахметов атындағы университеттің студенттері – Денисов Сергей пен Гарбуз Глеб.

Кеш соңында Жастар-ресурстық орталығы атынан байқауға қатысушылардың әрқайсысына алғысын білдіріп, сертификаттар табыстады. Ал төрешілер әділ төрешілік еткені үшін алғыс хаттармен марапатталды.