А.Перуашев: Салық органдарының келісімдерді жарамсыз деп тану талаптарына шектеу керек

Биылғы жылдың 31 мамыры «Ақ жол» фракциясы салық органдарының шағымы бойынша келісімдерді жарамсыз деп тануға тыйым салуды енгізу қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады. Мәжілістің жалпы отырысында өз депутаттық сауалын Азат Перуашев жариялады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо

Депутаттық сауалда маусымның 29 күні келген Бас прокурордың жауабында мұндай мәселе күн тәртібінде жоқ екендігі, ал шілденің 7 күні Қаржы министрінің жауабына сәйкес мәселе жаңа Салық кодексі аясында шешілетіндігі айтылған.

Алайда, мемлекеттік органдардың ұстанымына қарамастан, бұл мәселенің дәл қазіргі уақыттағы өзектілігін Президент Қ.Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында дөп басып айтты:

«фискалды органдар кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Бұл келісімдерді жарамсыз деп тану туралы шағымдарға қатысты. Сотқа деген жүктеме айтарлықтай артты — шын мәнінде оларға салықтың дұрыс төленгенін тексеруді артып қойған. Бұған жол беруге болмайды, жағдайды реттеу үшін тиісті шаралар жасау қажет».

Депутат Президент ерекше атап өткен мәселе бұдан кейін де назардан тыс қала бермейді деп сенеді, себебі, оның өзектілігі күн сайын артып, кәсіпкерлердің көптеп арыздар түсіп, ал, салық органдарының әрекеттері заңға ғана емес, қарапайым логикаға да қайшы.

Мысалы, келісімді жарамсыз деп танудың декларацияланған мақсаты — салық төлемеу арқылы бюджетке келтірілген шығынды қайтару.

Алайда қазіргі уақытта салық органдары салық есептілігін тапсырған және салық төлеген кәсіпорындардың үстінен жаппай шағым түсіріп жатыр.

Жоғарғы Соттың 22.12.2022 ж №9 нормативтік қаулысында сот бірінші кезекте «даулы келісімнің негізгі мақсаты салықты төлемеу немесе толық төлемеу» анықтауы тиіс екендігі тікелей көрсетілгеніне қарамастан, соттар салықтардың төленгені туралы дәлелдемелерді елемей, келісімдерді жарамсыз деп таниды.

Осындай шешімдердің нәтижесінде сатып алушыдан даулы фактуралар бойынша қосымша ҚҚС және КТС алынады, ал сатушы қосымша декларация тапсырып, бұл сомаларды бюджеттен өзіне қайтарады, яғни, бюджет бір салық төлеушіден ҚҚС пен КТС өндіріп алып, екіншісіне береді.

Нәтижесінде бюджетке «жоғалған» салықтарды өндіріп алмай, тек заңсыз есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды ғана алады. Ал сатып алушы ұзақ айлар бойы санкциялар мен қайталама салықтарға байланысты соттық сарсаңға түседі.

Сонымен қатар, бір кәсіпорын үшін мұндай өндіріс шаралары оның барлық контр серіктестеріне және 4-5-6 және т.б. контр серіктестеріне дейін таралып кете береді. Бұл барған сайын жаңадан адал кәсіпорындарды қайта салық салуға мәжбүрлейтін тәсіл, және қазірдің өзінде зардап шеккен бірнеше мыңдаған компания туралы айтуға болады.

Ал, одан кейін біздің шенеуніктер бизнесті қолдау немесе салықтың аздығы туралы мәлімдейді.

Сонымен бірге бұл схемаларының нақты ұйымдастырушылары тергеу шеңберінен тыс қалуда, өйткені салық органдары (кездейсоқ немесе қасақана) оларды не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілікке де тартпайды.

Президент жолдауын орындау мақсатында «Ақ жол» фракциясы 31 мамырдағы сауалына қайта оралып, салық органдарының келісімдерді жарамсыз деп тану туралы сотқа өз бетінше талап қою құқығын жоюды тағы да талап етеді.

Мемлекеттік кірістер жүйесі құқық қорғау органы болмайды және тергеу әрекеттерін жүргізуге құқығы жоқ. Оларға мұндай өкілеттіктер 2013 жылы салық кодексіне енгізілген өзгертулер аясында берілді, бірақ олар бүгін де құқық нормалары мен қағидаттарына қайшы. Жалған келісімдердің немесе шот-фактуралардың бұрмалануының белгілері болған жағдайда салық органдары біржақты тәртіпте санкциялар қолдану құқығынсыз мұндай жағдайларды объективті зерделеу үшін ҚМА экономикалық тергеу органдарына беруге міндетті деп есептейді.

«Ақ жол» фракциясы Мәжілісте қаралып жатқан Салық кодексі туралы заң жобасы аясында тиісті түзетулерді енгізуде, сонымен қатар, оларды кем дегенде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдану қажет деп санайды.