«Ақ жол»: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін 10-12 пайызға төмендету керек

Мәжіліс депутаты Асқар Садықов «ДАМУ» қорының «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ШОБ несиелерін субсидиялаудың тоқтатылуы, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған тиімді бағдарламаға қауіп төнгені туралы айтты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Мәселен, қордың деректері бойынша субсидиялар бойынша берешек сомасы 201 млрд. теңгеден асады: Түркістан облысы бойынша 39,7 млрд.теңге сомаға 37 өтініш, Жамбыл облысы бойынша 28,5 млрд.теңге сомаға 82 өтініш, Алматы облысы бойынша 28,2 млрд.теңге сомаға 81 өтініш, Алматы қаласы бойынша 27,4 млрд.теңге сомаға 16 өтініш, Шымкент қаласы бойынша 13,3 млрд.теңге сомаға 41 өтініш, Атырау облысы бойынша 12,9 млрд.теңге сомаға 78 өтініш және т.б.

Осылайша, ДАМУ қорында қаражаттың болмауына байланысты кезекте тұрған кәсіпкерлерден 201,9 млрд теңгеге 699 өтініш бар.

Түптеп келгенде, жергiлiктi бюджеттер шеңберiнде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, аймақтардың барлығы қажеттi көлемде қаражат бөліп бере алмайтынын ескерген жөн.

Ал субсидия тапшылығына байланысты бұл жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұл мәселеде «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы мына сұрақтар бойынша тиісті шаралар қабылдауды талап етті:

1) Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы, «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидиялау мен кепілдік беруді жандандыруды;

2) болашақта осындай проблемаларды болдырмау үшін несиелерді субсидиялауды тиімді жоспарлау;

3) Базалық мөлшерлеменің  16,5%-ға дейін шектен тыс көтерілуі мемлекет бөлген қаражаттың банктердің қалтасына түсуіне алып келеді. «Ақ жол» фракциясы банктердің тәбетін тыйып, мемлекеттік субсидиялар тек банктерге ғана жұмыс істеп қоймай, неғұрлым көбірек кәсіпкерлер үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік беруі мақсатында базалық мөлшерлемені кем дегенде 10-12%-ға дейін төмендету қажет деп санайды.