СҚО-да жемқорлыққа қарсы қызметтің тексерісінен кейін су тарифі 6 есеге төмендеген

Қазақстанның солтүстігінде жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің тексерісінің арқасында ауызсу тарифі айтарлықтай төмендеген. Мысалы, Асанов ауылында текше метрі 1000 теңгеден 175 теңгеге арзандаған, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының 50 ауылында сумен қамтамасыз ету тарифтері 16-87%-ға төмендеді.Бұл туралы Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтты.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының 20 елді мекенінде су тарифі орта есеппен 150 теңгеге төмендеді. Бұған дейін ауданда облыста ең жоғары тарифтер қолданыста болған (Қарақоға ауылы – 375 тг, Чистое ауылы – 375 тг, Хлебороб ауылы – 400 тг). Қызылжар ауданы Асанов ауылында тариф 1 м³ үшін 1000 тг болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін аудан әкімі Булаев топтық су құбырынан тарату желісін салу жөнінде шара қабылдады. Қазір тариф шамамен 6 есеге төмендеп, текше метрі 175 теңгені құрайды.

«Біздің ұсынысымыз бойынша облыс әкімі табиғи монополиялар субъектілерін тікелей субсидиялау арқылы «Бір ауыл — бір тариф» пилоттық жобасын іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл өңір тұрғындарының ауыз суға тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді», — деп түсіндірді Сергей Перов.