АҚШ визаларды жойды: Қазақстан тарапы ресми ақпарат күтуде

АҚШ-та кейбір қазақстандық студенттердің визасы жойылғаны туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оның айтуынша, бұл туралы Қазақстанға ресми ақпарат түспеген.

“Біз елшілігіміз арқылы бақылап отырмыз, бірақ әзірге ресми хабарлама алған жоқпыз. Ақпаратты тек бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Белгілі болғаны – кейбір студенттердің визасы жойылып, оларды депортациялау әрекеттері болған. Әсіресе, палестиналық қозғалыстарға қатысқандарға қатысты. Бірақ бұл жайында біз де тек баспасөзден оқып отырмыз. Қазір мәселе қайта қаралып, реттеліп жатыр. Мұндай жағдайларда шешімдер алдымен қабылданып, кейін барып талқыланады”, – деді ол Сенаттағы брифингте.

Рахметуллиннің айтуынша, АҚШ-та заңды түрде оқып жүрген студенттерге алаңдаудың қажеті жоқ.

“Олар оқу орындарындағы халықаралық бөлімдерге жүгініп, сабырмен оқуын жалғастыра беруі керек. Егер визалары заңды болса, ешқандай қауіп жоқ”, – деді вице-министр.

Еске салсақ, наурыз айында BBC АҚШ-та 300-ден астам шетелдік студенттің визасы жойылғанын хабарлаған. Дональд Трамп әкімшілігі оларды Израильге қарсы акцияларға қатысқаны үшін антисемитизмге айыптаған.