Американы Америка еткен кәсіпкерлер, бизнесмендер Америка даму жолына қалай түсті? Ең алдымен олар барлық саланың трибуналарын кәсіпкерлерге берді. Кәсіпкерлерді тыңдады, ойларын, ұсыныстарын. Міне сол кезде ауыр дағдарыстағы Америка, тығырықтан жол тапты. Ол жолды кәсіпкерлер көрсетті, жол бастады. Себебі кәсіпкерлер өзі де пайда табатын, мемлекетке де пайда әкелетін (салық төлеп), халыққа қажетті заттың, тауардың ең жақсысын шығарушы, халыққа қызмет көрсетуші адам. Біз онсыз күн көре алмайтын: интернет, смартфон, ватсап, әлеуметтік желі секілді ауадай тұтынып жатқан дүниелерді, университет оқымаған, мамандығы жоқ кәсіпкерлер ойлап тапқан. Яғни әлемді алға сүйреп жатқан осы кәсіпкерлер. Ал бізде, кәсіпкер десе қарақан басының пайдасын ойлайтын адам деген түсінік қалыптасқан…
Америкада жұмыс берушілердің көбі – кәсіпкерлер. Демек елге қандай мамандар керек екенін кәсіпкерлер ғана біледі. Ал бізде кәсіпкерлерді тыңдамағандықтан, дипломы бар жұмыссыздар қаптады. Дөрекілеу айтқанда, дипломы бар мамандарымыз көше сыпырып, пол жуып кетті.
Азаматтарымыз 5-6 дипломы бар білімді, тәрбиелі, адамдық барлық қасиеттері бар азамат болғанымен оның жұмыс табуы қиындап, аштан өлмеу үшін түрлі жолдарға түсетіні осыдан. Айналып келгенде, қанша жерден дипломдар мен қасиеттерге ие болғанымен кәсіпкерлік қабілеті, өнері, дағдысы болмаса өмірде қиын жағдайларға тап болады.
Өзімнен мысал айтайын, маған жоғары білімі бар, дипломның, сертификаттың түр түрін тонналап жинаған маман керек емес. Маған, балалармен жұмыс істей алатын қабілеті бар, кәсібіме лайықты дағдылары бар мамандарды жұмысқа аламын. Демек, қандай мамандар мен оған қажетті дағды, өнер, қабілеті болуы керектігін кәсіпкерлер айтуы керек. (Осы мәселе қордаланғаны үшін: шетелге кетіп жатқандар – жастар, кешегі қаңтар көтерілісіне шыққандар – жастар. Неге? Себебі дипломы бар жұмыссыздар, наразылық ішіне запыран сияқты жиналған). Себебі кәсіпкерлер үйдегі есепті, нарықтағы есепке ыңғайластыра алатын адам. Яғни мемлекеттің әрбір қадамы мен іс әрекеті нарыққа лайықталуы керек…
Мемлекет халыққа қалай жағдай жасай алады?
Мұнай, газды сатып ақшасын таратып па? Жоқ. Халыққа қызмет жасайтын/көрсететін, қажетті заттарын/тауарын өндіріп әкеліп беретін кәсіпкерлер. Демек, халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлер. Кәсібі арқылы жұмыс орындар ашады, салық төлейді, сол арқылы экономиканы дамытады. Елдің дамымаған, кем кетіктерін толтыруға ұмтылады және сол арқылы табыс тауып, мемлекетті асырайды. Әр саладағы бәсекелестіктің арқасында саланы дамытуға қызмет жасайды. Ал мемлекет кәсіпкерлерге қолдау жасау арқылы халыққа жағдай жасай алады. Егер кәсіпкерлер халыққа барынша жоғары деңгейде жағдайын жасап жатса, экономика дамиды, мемлекет дамиды. Ал экономикасы тәуелді елдің тәуелсіз болуы мүмкін емес. Утопия.
Шынайы тәуелсіздік тек экономикалық тәуелсіздік болған жерде ғана болады. Егер ел боламыз десек, кәсіпкерлікті дамытудан басқа жол жоқ. Себебі ақша болмаса, медицина, өнер, спорт, т. б барлық сала дамымайды. Сол салаларды дамытуға жасап жатқан еңбектер зая кетеді. Экономикасы құлдыраған елде ешқашан басқа салалар дамыған емес, дами алмайды…
(Жалғасы бар)
Фазылбек Абсаттарұлы
ПІКІР ЖАЗУ