Жақында American Journal of Preventive Medicine журналында жарияланған халықаралық зерттеу жұмыстары ультраөңделген өнімдердің адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін тағы да дәлелдеді. Сарапшылар аталмыш өнімдерді қолдану ерте өлімге, сондай-ақ түрлі аурулардың пайда болуына әкеледі деп дабыл қағуда. Зерттеу нәтижелері расымен де шошытады. Терең өңделген өнімдер Қазақстан халқын қалай улап жатыр? Сарапшылардың кеңесі қандай? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
American Journal of Preventive Medicine журналында жарияланған халықаралық ауқымды зерттеу ультраөңделген өнімдерді (УӨӨ) көп мөлшерде тұтыну адам денсаулығына орасан зор зиян келтіретінін және мерзімінен бұрын өлім қаупін арттыратынын көрсетті. Бұл зерттеуге 30 бен 69 жас аралығындағы сегіз елден 240 мыңға жуық адам қатысқан. Олардың тамақтану дағдылары ұзақ уақыт бойы бақыланған. Нәтижесінде, УӨӨ арқылы алынатын әрбір қосымша 10% калория жалпы өлім-жітім қаупін 2,7%-ға арттыратыны белгілі болды.
Ультраөңделген өнімдер дегеніміз не?
Ультраөңделген өнімдер — табиғи өнімдердің орнына толықтай өндірістік жолмен жасалған, құрамында дәм күшейткіштер, хош иістендіргіштер, жасанды бояғыштар, тұрақтандырғыштар мен консерванттар бар тағамдар. Оларға тәтті газдалған сусындар, қаптамадағы тіскебасарлар, қайта өңделген ет өнімдері мен дайын тағамдар жатады. Бұл өнімдер құрамында қант, зиянды майлар мен натрий мөлшері жоғары, ал ағзаға қажетті талшықтар мен пайдалы қоректік заттар төмен болады. Мұндай тағамдар әдейі дәмді етіп жасалады, себебі табиғи тойыну сезімін бұзып, артық тамақтануға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ тәуелділік пайда болады.
Зерттеуді басқарған доктор Эдуардо Аугусто Фернандес Нилсон былай деп түсіндірді:
«Ультраөңделген азық-түліктер құрамында натрий, транс майлар және қант секілді зиянды заттар ғана емес, олар өндірістік өңдеу процесінде өзінің табиғи құрылымын жоғалтады. Мұндай өнімдерге түрлі жасанды қоспалар: бояғыштар, хош иістендіргіштер, тәттілендіргіштер, эмульгаторлар және басқа да қоспалар қосылады. Сондықтан да барлық себептен болатын өлім-жітімді ультраөңделген өнімдермен байланыстыра зерттеу – азық-түлік өндірісінің денсаулыққа әсерін бағалауға мүмкіндік береді», — деді зерттеуші.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Ғалымдар сегіз елдегі өлім-жітім көрсеткіштері мен тағам тұтыну туралы ұлттық мәліметтерді сараптап, АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Бразилия, Канада, Чили, Колумбия және Мексика елдерін қамтыды. Мысалы, Колумбия (2015) мен Бразилияда (2017–2018) мұндай өнімдер күнделікті калорияның 20%-дан азын ғана құрады. Ал Чили (2010) мен Мексикада (2016) – 20–30%, Аустралияда (2011–2012) – 37,5%, Канадада (2016) – 43,7%-ға дейін жеткен.
АҚШ (2017–2018) пен Ұлыбританияда (2018–2019) ультраөңделген өнімдердің үлесі 50%-дан асып түскен. Бұл елдерде осы өнімдердің салдарынан болатын мезгілсіз өлім-жітім деңгейі де жоғары болды: Ұлыбританияда шамамен 18 мың, АҚШ-та 124 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Стэнфорд университетінің тағамтанушы профессоры Кристофер Гарднер зерттеуге қатыспаса да, оның маңызын атап өтті:
«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ультраөңделген өнімдерді ең көп тұтынатын адамдар тобы мен ең аз тұтынатын адамдар арасында өлім-жітім көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді. Яғни тұтыну деңгейі төмен елдерде де байқалады. АҚШ пен Ұлыбритания сияқты тұтыну деңгейі жоғары елдерде бұл айырмашылық тіпті анық көрінеді. Бұл зерттеу саладағы білімімізге елеулі үлес қосты», — деді ол.
УӨӨ денсаулыққа тигізетін физикалық және психикалық 32 зиянды әсері бар. Ультраөңделген өнімдердің бір ғана жалпыға ортақ анықтамасы болмаса да, олар, әдетте, өндірістік жолмен дайындалатын, пісіруге немесе жылытуғадайын, табиғи өнімдер өте аз немесе мүлде жоқ тағам түрлері. Олар өте дәмді әрі ыңғайлы болуымен ерекшеленеді. Құрамында жиі кездесетін заттар: бояғыштар, эмульгаторлар, қоюландырғыштар, хош иістендіргіштер, көлем ұлғайтқыштар, көбікке қарсы заттар мен тәттілендіргіштер.
Кірісі жоғары елдерде ультраөңделген өнімдер адамның күнделікті калориясының жартысынан астамын құрайды. 2024 жылғызерттеу 9,8 миллионға жуық адамның деректерін қамтыған. Ол ультраөңделген өнімдермен байланысты 32 түрлі физикалық және психикалық ауруды анықтады. Соның ішінде:
- депрессия
- семіздік
- жүрек-қан тамырлары аурулары
- кейбір онкологиялық аурулар
- қант диабетінің 2-типі
Доктор Нилсон атап өткендей, жоғары табысты елдерде UPF тұтыну деңгейі он жылдан бері бірқалыпты болса да, орта және төмен табысты елдерде бұл көрсеткіш үнемі көбейіп келеді. Алдағы уақытта олардың денсаулыққа кері әсері жаһандық деңгейде арта береді.
«Бүкіл әлем бойынша ультраөңделген өнімдерді тұтынуға тосқауыл қоятын саясат қажет. Оның орнына дәстүрлі, жергілікті, жаңа және минималды өңделген тағамдарға оралуымыз керек», – дейді ғалым.
Зерттеушілер УӨӨ-нің жүрек-қан тамыр аурулары, семіздік, диабет, онкологиялық дерттер және психикалық денсаулыққа қатысты мәселелермен тікелей байланысы бар екенін айтады.
«Қазіргі таңда адамның күнделікті тамақтануы негізінен жартылай фабрикаттарға негізделгені белгілі. Жыл өткен сайын рациондағы осындай өнімдердің үлесі артып келеді, бұл алаңдатарлық жайт. Жартылай фабрикаттар – бұл қайта өңделген өнімдер, ал олардың ішінде минералдар мен дәрумендері түгелге жуық жойылған, тіпті терең өңдеуден өткен түрлері де бар. Бұл өнімдердің ұзақ сақталуы үшін жасалады», — дейді медицина ғылымдарының кандидаты, нутрициолог Жанар Толысбаева.
Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, ультраөңделген өнімдерден алынатын әрбір қосымша 10% калория мезгілсіз өлім қаупін шамамен 3%-ға арттырады. Демек, мұндай өнімнің бір-ақ порциясықауіп-қатерді едәуір күшейтеді. Бұл өнімдерге не жатады?
«Барлық снектер табиғатта кездеспейтін компоненттерден жасалған. Олардың құрамындағы қоспаларды адам өзі жасайды. Мұндай өнімдерге тәттілер, печенье, кәмпиттер, сондай-ақ майонез, кетчуп сияқты түрлі тұздықтар жатады. Қазіргі кезде күнделікті тұтынылатын өнімдердің көбі табиғи емес. Тіпті шұжық та бұрынғыдай еттен жасалмайды, олардың құрамында ет өте аз. Керісінше, түрлі бояғыштар, дәм күшейткіштер мен ароматизаторлар көптеп қосылады. Мұның бәрі адамды сол өнімге үйір қылып, қайта-қайта сатып алуға итермелейді. Қазақстанда да өнеркәсіптік жолмен өңделген өнімдерге тәуелділік жоғары. Осыдан кейін табиғи тағамдар дәмсіз болып көрінеді», — дейді сарапшы.
2024 жылы жүргізілген тағы бір зерттеу күніне ультраөңделген тағамның бір-ақ қосымша порциясын тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 50%-ға, мазасыздық пен үрей бұзылыстарының қаупін 53%-ға, семіздікті 55%-ға, II типтегі қант диабетін 40%-ға арттыратынын көрсетті. Сонымен қатар, бұл өнімдер депрессия, ұйқының бұзылуы және мезгілсіз өліммен де тікелей байланысты.
Сол жылы ғалымдар адамның күнделікті рационында ультраөңделген өнімдердің үлесі небәрі 10% болса да, инсульт пен когнитивтік бұзылыстар қаупінің арта түсетінін анықтады. Ал 2023 жылғы зерттеу мұндай өнімдерді тұтыну асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісік ауруына әкелу қаупі жоғары екенін дәлелдеді.
Қазақстандықтардың күнделікті рационында УӨӨ үлесі жылдан-жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, ел халқының тағамында көкөніс пен жеміс-жидек үлесі азайып, фастфуд пен өңделген өнімдерге сұраныс артып отыр. Әсіресе, қала тұрғындары уақыт үнемдеу мақсатында тез дайындалатын тағамдарды жиі тұтынады.
Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік көрсеткіші де күрт өскен. Бұл үрдіс келешекте қоғам денсаулығына төнетін үлкен қауіптің белгісі болуы мүмкін.
«Бұл сусындардың ешқандай пайдасы жоқ, керісінше, зияны орасан. Бұрын мектептерде осындай сусындар сатыла беретін, әрине балалар оларды сатып алып ішеді. Ал осындай сусынның бір стаканында 20–25 грамм қант болады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қанттың тәуліктік нормасы. Сонымен қатар, құрамындағы ортофосфор қышқылы ағзаға түскенде оны бейтараптандыру үшін кальций жұмсалады. Салдарынан ұзақ мерзімді тұтыну остеопорозға алып келуі мүмкін», — дейді маман.
500 мл газдалған сусынның бір бөтелкесінде адамның тәулігіне тұтынуы тиіс мөлшерден екі есе артық қант болады.
«Қант семіздікке алып келеді. Бүгінде артық салмақ Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойынша таралған эпидемия. Статистика көрсеткендей, артық салмақ пен семіздік тек ересектер арасында емес, балалар арасында да артып келеді. Бұл – мүгедектікке, мезгілсіз өлімге алып келетін өте қауіпті жағдай. Сонымен қатар, семіздік асқазан, бүйрек секілді ішкі ағзаларға да зиян тигізеді», — дейді маман.
Газдалған сусындарды тұрақты тұтыну адам ағзасына кері әсер тигізетінін көпшілік білсе де, тұтынуын доғарар емес. Атап айтқанда, тіс эмальының бұзылуы, кекіру, бауыр аурулары, сүйектердің әлсіреуі, семіздік, бүйрек аурулары мен ағзаның сусыздануы сынды салдары бар.
Ғалымдар жаңа зерттеулерінде егер ультраөңделген өнімдерді толықтай тұтынудан бас тартатын болсақ, түрлі елдерде қанша адамның өмірін сақтап қалуға болатынын есептеген. Мысалы, Колумбия мен Бразилия секілді бұл өнімдерді аз тұтынатын елдерде жыл сайын бірнеше мың адамның өмірін құтқаруға болар еді. Ал АҚШ-та ультраөңделген өнімдер рационның 55%-ын құрайды, сондықтан мұндай өнімдерден бас тарту 124 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
«Газдалмаған тәтті сусындар мен шырындардың құрамында да көп мөлшерде қант бар. Тіпті лимон, жалбыз сияқты дәмі бар сулардың өзіне де қант, ароматизаторлар мен дәмдеуіштер қосылады. Сондықтан мұндай сусындарды азайту керек, тіпті мүмкіндігінше мүлдем ішпеген жөн», — деп кеңес берді маман.
Қазіргі таңда кез келген супермаркетте немесе үй жанындағы кішігірім дүкендерде ультраөңделген және зиянды өнімдер үлкен көлемде сатылады. Ең қорқыныштысы, бұл өнімдерді көбіне балалар тұтынады. Балалардың денсаулығына алаңдайтын, және шешу жолдарын қарастыратын уақыт келді. Бұл жай ғана қорқыту емес, бұл ғылыми түрде дәлелденген факт.
Сарапшылар не ұсынады?
Сарапшылар мұндай өнімдерді тұтынуды біртіндеп азайтып, оларды табиғи, бүтін өнімдермен – жеміс-жидек, көкөніс, тұтас дәнді дақылдар мен майсыз ақуыз көздерімен алмастыруды ұсынады.Сонымен қатар, ата-аналар балаларын мектеп жасынан бастап дұрыс тамақтануға үйретуі қажет.
Диетологтар мынадай қарапайым кеңестер ұсынады:
- Өнімнің құрамын мұқият оқыңыз. Түсініксіз немесе ұзақ тізім – қауіпті белгі.
- Тамақты өзіңіз дайындауға тырысыңыз.
- Көбірек су ішіп, газдалған тәтті сусындардан бас тартыңыз.
- Жергілікті, маусымдық өнімдерге басымдық беріңіз.
«Өнімнің қаптамасындағы ақпаратты міндетті түрде оқыңыз. Бұл өте маңызды. Құрамында табиғи ингредиенттер бар екенін тексеріңіз, және олар тізімніңбасында тұруы керек. Қоспалар мен алмастырғыштар неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы. Ароматизаторлар мен бояғыштар аз болған сайын, өнімнің сақтау мерзімі де қысқарады. Ал табиғи өнімдер денсаулыққа ең жақсысы және пайдалы екенін ұмытпаған жөн», — дейді маман.
Ультраөңделген өнімдер қазіргі заманның “тыныш” уы десек артық айтпаймыз. Қазақстан үшін бұл тек денсаулық мәселесі емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың саулығы тұрғысынан маңызды. Тамақтану мәдениетін қайта қарау әрбір азаматтың денсаулығы мен ел болашағына қосқан үлесі болмақ.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру