2025 жылдың алғашқы екі айында Қазақстандағы халықаралық ақша аударымдарының көлемі айтарлықтай азайған. Жеке тұлғалардың шетелге және шетелден аударған қаржысының жиынтық көлемі 117 миллиард теңгеден сәл ғана асқанымен, бұл былтырғы көрсеткіштен 22 пайызға төмен, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Finprom.kz деректеріне сүйенсек, жылдың алғашқы екі айында халықаралық ақша аударымдары едәуір қысқарды. Қазақстан арқылы жүзеге асатын жеке тұлғалардың шетелдік аударымдарының көлемі 117,4 млрд теңгені құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,3%-ға аз. Айта кету керек, мұндай төмендеу үрдісі 2024 жылы да байқалған: сол кезде де 6,8%-дық құлдырау болған.
Кім ақша жібереді, кім қабылдайды? Халықаралық аударымдар бойынша көш бастап тұрған мемлекет – Ресей. Қазақстаннан Ресейге 31,8 млрд теңге жөнелтілсе, керісінше бағытта – Ресейден Қазақстанға 7 млрд теңге келген. Ал Түркияға 19 млрд теңге жөнелтілген. АҚШ-тан 5 млрд теңге Қазақстанға келген. Өзбекстан – екі бағытта да белсенді, 15,2 млрд теңге жөнелтіліп, 3,4 млрд теңге алынған.
Ақша қай жүйелер арқылы жүреді? Ақша аударымдарының басты арнасы – «Золотая Корона». Осы жүйе арқылы қаңтар-ақпан айларында 65,7 млрд теңге сыртқа жіберіліп, 14,8 млрд теңге шеттен келген. Western Union та тұрақты сұранысқа ие. 13,2 млрд теңге жөнелтіп, 10,5 млрд теңге қабылданған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру