Білім сапасыз ба, әлде орыс тіліне деген сұраныс азайды ма?

Фото: facebook.com/dias.n.rak.yn

Ақтөбедегі халықаралық Қазақ-Орыс университеті осы жылдың соңына дейін толық жабылады. Бұл туралы ресми ақпарат тарады. Төртінші курс студенттері күзге дейін дипломдарын алып үлгереді. Ал, қалған студенттер түгел басқа оқу орындарына ауыстырылады екен. Бұл сапасыз білімнің көрсеткіші ме, әлде орыс тіліне деген сұраныстың азайғаны ма? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Жақында аталмыш білім ордасы бірден 350 студентті оқудан шығарған. Белгілі болғандай,, білім ордасындағы студенттердің 90 пайызы сабаққа мүлде келмеген. Нақтырақ айтқанда, 91 студент ақысын төлемеген, ал 259-ы сабаққа жүйелі түрде қатыспаған.

2025 жылдың сәуірінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ақтөбеге барып, жағдайды тексерген. Нәтижесінде, студенттерді оқудан шығару туралы бұйрық заңсыз деп танылыпты. Себептері де аталды. Біріншіден, бұйрық тек орыс тілінде жасалған, ал заң бойынша мемлекеттік тілде де болуы шарт. Екіншіден, студенттердің мәртебесі жоғары білім беру платформасында өзгертілмеген. Үшіншіден, университеттің ішкі құжаттарында сабақтан қалу лимиті әр түрлі көрсетілген – 40 сағат және 60 сағат.

Ал қазіргі жабылуының себебі мүлде басқа. Білім емес – жай ғана диплом беру. Университет білім ордасы емес, диплом сататын мекемеге айналып кеткен, деп пікір білдірді журналист Диас Нұрақын.

«Осы жерде оқитындардың 90 пайызы сабаққа келмейді екен. Бір сөзбен айтқанда білім емес диплом тарататын ұйымға айналған. Кезінде халықаралық Қазақ-Орыс университеті ашылды деп жар салған жобаның соңы осылай сиырқұймышақтанып қалды. Қазір әр облыстан шетелдік ВУЗ-дардың филиалын ашу модаға айналды ғой. Помпезный жобалар кейін осылай жабылып қалмаса болды. Орысқа дым қатысы болмаса да Қазақ-Орыс деген атаудың өзі оқу орнын банкрот қылған сияқты», — деп жазды ол.

Негізі университеттің білім сапасына қатысты сұрақтар мен күмән бұрыннан бар. Лицензиялау және кадр мәселелері жиі көтеріледі. Бүгінде тиісті министрлік сапасыз ЖОО-ларды жабу немесе лицензиясынан айыру жұмыстарын қатаң жүргізіп жатыр. Халықтың пікірінше, бұл университеттің атауы шынайы мазмұнына сай емес.

«Жабылсын, бұл жерде санасы уланғандар оқыған. Орыс құлдары есін жиғаны дұрыс».

«Ана жақты алдау үшін ашылып, керуен көшкенде жабылғаны жақсы».

«Жұртқа айтуға да ұяласың, қазақ-орыс университетінде оқимын деп», — деп жазып жатыр желі қолданушылары.

Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділхановтің айтуынша, Қазақ-орыс университетінің лицензиясы әлі сақтаулы, соңғы шешім де қабылданбады. Студенттердің бәрі биылғы оқу жылын осы университеттен аяқтап шыға алады.

«2024-2025 жылғы оқу жылын аяқтауға болады. Ендігі сұрақ – бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу. Ол әрбір студенттің жеке құқығы. №595 бұйрықтың 31-тармағында «демалыс кезінде білім алушы бір оқу орнынан екіншісіне ауысуға, бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауысуға құқылы» деп жазулы. «Білім туралы» Заңның 42-бабы бойынша білім беру ұйымы өз қызметін тоқтатса, құрылтайшысы 2 ай ішінде білім алушылардың басқа оқу орына орналасуы үшін құжаттарын беруге, бұған дейін оқыған адамдардың құжатын мемлекеттік архивке тапсыруға міндетті. Бірақ бұған қарамастан министрлік өз тарапынан жұмыс атқарады. Көршілес орналасқан облыстардың оқу орындарымен бірге жұмыс істейміз. Жұмыс оқу жылы аяқталған соң басталады. Министрліктен арнайы топ жергілікті жерге келіп, әр студенттің құжатын жеке қарайды. Министрлік студентті қабылда деп өзге оқу орнына талап та қоя алмайды. Бірақ жұмысты бірлесе атқарады, — деді Артур Еділханов.

Қазақ-орыс университетін биыл 800-ден астам студент бітіреді. Ал 1 189 студент өзге оқу орнына ауыса алады. Тек студент өзін қабылдайтын жоғары оқу орнының талабын орындауы керек. Онлайн кездесуде ата-аналар оқу ақысының айырмашылығын бөліп төлеу, өзге оқу орнына қабылданар кезде мамандық атауының өзегешелігін ескеру жайын сұрады. Сонымен бірге мемлекеттік оқу орындары ҰБТ қорытындысын сұрауы да мүмкін. Ал Қазақ-орыс университеті студенттерінің кейбірінде ол жоқ. Себебі Ресейдің оқу орнына түсіп, кейін ауысып келгені кездеседі арасында. Мұның бәрін Ғылым және жоғары білім министрлігінің комиссиясы зерделейді.

Бұл жағдайдан не түюге болады?

Елде сапасыз оқу орындарына сұраныс азайып барады. Ал жекеменшік білім ордаларына бақылау күшеюде. Яғни сапа енді басты мақсат.

Соңғы жылдары елімізде шетелдік «бренд» университеттерінің филиалдарын ашу белең алды. Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Еуропа елдерінің ЖОО-ларының бөлімшелері ашылып жатыр. Әрине, бұл жақсы мүмкіндік, алайда кейбірінің жарнамасы мен атауы сай білім бере алмай келеді. Білім сапасы әлі де өзекті. Мысалы соңғы жылдары бірнеше жоғары оқу орны (ЖОО) мен шетелдік университеттердің филиалдары жабылды. Олар білім беру стандарттарына сәйкес келмегені үшін лицензиясынан айырылды.

  1. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті (ҚазМҮББУ), Алматы

2021 жылдың ақпанында бұл университет қажетті материалдық-техникалық базасы мен білікті оқытушылар құрамының болмауына байланысты лицензиясынан айырылды. Студенттер басқа оқу орындарына гранттарын сақтай отырып ауыстырылды.

  1. Академик Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті, Шымкент

2020 жылы бұл университетте білім беру қызметінде күрделі заңбұзушылықтар анықталып, лицензиясынан айырылды.

  1. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы, Алматы

2021 жылы лицензиясынан айырылды. Кейін оның негізінде Логистика және көлік академиясы құрылды. Алайда кейін мұрагерлік мәселесіне байланысты дау тудырды.

  1. Орталық Азия университеті, Алматы

2021 жылы сот шешімімен университет жабылды.

  1. “Қайнар” академиясы, Алматы

2020 жылы білім беру қызметінде заңбұзушылықтар анықталып, лицензиясы тоқтатылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-ларды тексеру жұмысын күшейтті. 2020 жылы 55 жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде 4 ЖОО жабылып, 25 ЖОО-ның 74 білім беру бағдарламасы бойынша лицензиясы қайтарылған.