Бүгінгі күнде дүкеннен бір бөтелке су немесе асханадан түскі ас сатып алсақ та, сатушы бізге түбіртек ұсына ма, жоқ па – аса мән бермейміз. Ал ұсынса да, «керегі жоқ» деп, ала салуға ерінеміз. Бірақ осы бір шағын ғана әрекеттің артында үлкен мән жатқанын ұғындық па? Түбіртек – жай қағаз емес. Ол – көлеңкелі экономиканы азайту құралы, адал салық төлеудің тетігі, мемлекетке деген сенімнің көрінісі, деп сараптайды Ozgeris.info.
Түбіртексіз табыс – жоғалған теңгелер
Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзімен айтқанда, бұл – салықтан да кеңірек ұғым. Түбіртек талап ету арқылы біз болашақта қандай мемлекетте өмір сүргіміз келетінін де айқындаймыз. Көптеген ірі бизнес иелері салық жүктемесін азайту үшін кәсіпті «бөлшектеп» көрсетеді.
– Оның мәні терең. Біз ертең қандай мемлекет боламыз? Болашақ қалай болады? Азаматтық қоғам белсенді бола ма? Мысалы, мейрамханаға барғанда төлем жасауға бірнеше POS терминал ұсынады, біреуімен тағамды төлейсің, екіншісімен сусынды төлейсің, тағы сол сияқты. Бұл дегеніміз – ірі бизнесті ұсақтау. Қонақүйге барасың, әрбір қабат – бөлек компания, бірақ қожайыны бір адам. Бұл – дұрыс емес, бірақ бұған заңмен тыйым салынбаған, сондықтан сондай әрекеттердің болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
Заңнан жалтаратындар көп
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, қазіргі таңда 260 мың кәсіпкерге ескерту жасалған. Бұл – олар кассалық чек бермей, табысын жасырып келген деген сөз. Мемлекет жүргізген тексерулер нәтижесінде 6,2 мың кәсіпкер қосымша декларация тапсырып, 43,7 миллиард теңге табысын заңдастырып, 1,1 миллиард теңге салық төлеген. Бұл деректер бір ғана нәрсені көрсетеді – көлеңкелі экономика әлі де арамызда бар.
– Жасырын табыстың мұндай көлемде болуы – өте алаңдатарлық жағдай. Бұл тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар мемлекет қазынасына келген тікелей шығын. Біз нақты мысал ретінде Мұнайлы ауданындағы бір дүкенді зерттедік: олар бір жыл бойы күніне бар болғаны 7 мың теңгеге бір ғана чек берген. Бұл – кассалық-бақылау машиналарын дұрыс қолданбау ғана емес, тұтынушының құқығын ашық түрде елемеу. Жалпы, заңды бұзатын кәсіпкерлерді екі топқа бөлуге болады. Бірі – табысын әдейі жасырғандар. Екіншісі – күн бойы түскен табысты кешке дейін жинап, соңында бір-ақ чек шығаратындар. Екеуі де заңнан жалтарудың амалы. Ал шын мәнінде, заң бойынша әрбір төлемнен кейін чек бірден берілуі керек. Бұл тек салық есептілігін реттеу үшін ғана емес, тұтынушының өз құқығын қорғауы үшін де қажет. Егер күні бойы чек берілмей, тек соңында бір-ақ чек шықса – бұл салық заңнамасын айналып өтуге бағытталған нақты әрекет деп бағаланады, – дейді сарапшы.
Ұлттық каталог – түбіртек тәртібін түзей ме?
Көлеңкелі экономиканы азайту үшін Үкімет «Ұлттық тауарлар каталогы» деген жаңа жүйе енгізуге дайындалып жатыр. Бұл цифрлық жүйе елдегі барлық тауарларды бірыңғай сипаттамамен тіркейді. Соның арқасында кассалық аппарат әр өнімді нақты көрсетіп, салық есебінде де, түбіртекте де нақты көрініс береді.
Сонымен қатар қазіргі кассалардың 30 пайызы ескірген. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, олар жаңа жүйеге бейімделмеген. Сондықтан екінші деңгейлі банктерге жаңа цифрлық кассаларды тегін тарату ұсынылды. Мемлекет инфрақұрылымды жаңартып, бизнеске жағдай жасап отыр. Тек бір ғана өтініш бар – табысты жасырмай, салықты әділ төлеу. Бұл мәселе шешімін таппай келеді. Салдары да ауырлап барады. Сондықтан да Үкімет салық жинау жүйесін жетілдіріп, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға жаңа цифрлық құралдарды енгізуді қолға алып жатыр. Жалпы, мәселені шешуге жан-жақты кірісіп кетті. С. Жұманғариннің сөзінше, алдағы уақытта елімізде «ұлттық тауарлар каталогы» толық енгізіледі. Бұл – кассалық тәртіпті реттеуге, түбіртек беру мәдениетін орнықтыруға және салық түсімін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
– Біздегі кассалық аппараттардың 30 пайызы – металл. Олар цифрлық жаңартуларға бейімделмеген. Сондықтан жаңа буын кассалар таратуымыз керек. Қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр, инфрақұрылымды, жолды саламыз. Бизнес климатты жақсартып, сыртқы нарыққа шығуға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар бизнес несиенің мөлшерлемесін төмендетеміз, субсидия, гарантия береміз. Бизнестің барлық түріне теңдей жағдай жасалған. Біздің бір ғана сұрайтынымыз – пайданы жасырмай, салық төле. Білеміз, кезінде қате жібердік, қазір оны өзгертіп жатырмыз. Көбіне ұнамайды, басқа мемлекеттерге көшіп кетеміз деп жатады, көшіп көрсін, айырмашылығын бірден түсінеді, – дейді ол.
Айтпақшы, түбіртек қай тілде берілуі керек?
Кейінгі кезде халық дүкен, дәріхана, банк, асхана немесе әуежай сияқты қоғамдық орындарда түбіртек тек орыс тілінде берілетініне шағымданып жүр. Бұл әсіресе мемлекеттік тілде қызмет алғысы келетін адамдарға өзекті мәселе.
Осыған Мемлекеттік кірістер департаменті нақты түсініктеме берді. Заң не дейді? «Тілдер туралы» заңға сай, қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі әрі ол барлық салада қолданылуы тиіс. Демек, әр азамат қызметті қазақ тілінде алуға құқылы. Ал Салық кодексіне сай, кассалық-бақылау машиналары мемлекеттік реестрге енгізілуі және техникалық талаптарға сай болуы керек. Бұл талаптарда мемлекеттік тілде түбіртек басып шығару мүмкіндігі міндетті түрде болуы қажет. Яғни, түбіртек қазақ тілінде де, орыс тілінде де берілуі мүмкін. Бірақ тұтынушы оны қазақ тілінде беруді сұраса, кәсіпкер оны міндетті түрде қазақша беруге тиіс. Кәсіпкерлер заңға сай әрекет етіп, мемлекеттік тілдегі қызмет көрсету мәдениетін арттыруы керек. Ал тұтынушылар өз құқықтарын біліп, қажет жағдайда қазақша түбіртек сұраудан тартынбауы тиіс.
Салықтан қашсаң – бақылауға ілінесің
Кәсіпкерге ескерту жасалғанымен, ол әлі де табысын жасырып отырса, салық органдары хронометраждық бақылау жүргізеді. Яғни салық қызметкерлері бір ай бойы кәсіпкердің күнделікті табысын бақылап отырады. Бір айлық көрсеткішке сүйене отырып, алдыңғы айлар бойынша да салық қайта есептеледі. Бұл – салықтан жалтарғандарға ауыр соққы.
Дмитрий Казанцевтің айтуынша, егер кәсіпкерге «табыс жасырып отырсың» деген ескерту жасалып, ол құлақ аспаса – ойын басқа деңгейге өтеді. Бұл жолы – «хронометраждық бақылау» іске қосылады. Яғни, салықшылар жұмыс орнына келеді де, бір ай бойы күн сайын кірісті бақылап отырады. Шыққан табысты жазып, нақты орташа көрсеткішті есептейді. Содан кейін осы мәлімет негізінде өткен кезеңдерге де салық есептеліп, кәсіпкер салықты төлеуге міндеттеледі.
«Бір ай бойы бақылау?!» дейтіндерге: иә, дәл солай. Өйткені, бір ескерту еленбесе – салық органдары қарап отырмайды. Бұл – заңды айналып өтпек болғандарға жұмсақ ескерту емес, тікелей жауап. Нәтиже бар ма? Бар. Сарапшының айтуынша, камералдық бақылаудан кейін жасалған ескертулердің 80%-ы нәтиже береді. Кәсіпкерлер табысын жасырғанын мойындап, қосымша декларация тапсырып, бәрін заңдастырады. Әйтпесе, одан да күрделі бақылау күтіп тұр.
– Олар күн сайынғы кірісті есептеп, бір айдың орташа табысын шығарады. Сосын осы мәлімет негізінде бұған дейінгі кезеңдер үшін де салық есептейді. Бұл салықты міндетті түрде төлеуге тура келеді. Қазір бақылау бір жылға жүргізіліп жатыр. Алайда бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Әзірге бір жылмен шектеліп отыр, өйткені жаңа әдістің тиімділігін бағалау керек. Кейіннен өткен жылдарға да таралуы мүмкін, – дейді ол.
Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру