Бүгін Алматы облысы, Кеген ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған бюсттің салтанатты ашылуы өтті. Алайда бұл шараға оның жұбайы Мақпал Жүнісова қатысқан жоқ. Әнші бұл шешімінің себебін өзінің Instagram парақшасында түсіндірді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің еңбектерін жинақтап, екі кітап шығарғанын атап өтті. Осы уақытқа дейін ол кітаптардың жартысын Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында, сондай-ақ қайтыс болғанына 19 жыл толған күні құран бағыштау кезінде таратқан. Қалған даналарын Нұрқаділовтің туған жеріне жібергенін хабарлады.
Сонымен қатар, ол Instagram-да ескерткіштің ашылу рәсімінен видео жариялап, «Неге қатыспадыңыз?» деген сұраққа жауап берді. Әнші бұл шешімді Нұрқаділовтің өзін «көргісі келмейтін ұрпақтарының» қатысуы үшін қабылдағанын айтты.
«Мені қарғап, көргісі келмеген Зәкеңнің ұрпақтары болсын деп шештім, кейін Мерей екеуміз барып тағзым жасаймыз, тегін концертті Зәкеңнің рухына бағыштаймын деп отырмын», — деп жауап берді Мақпал Жүнісова.
ПІКІР ЖАЗУ