Көрші елдің азаматтары санкция мен шектеулердің салдарынан қиын кезеңді бастарынан өткізуде. Олар қазақстандық SIM-карталарды интернет дүкендер арқылы удай бағаға болса да, жаппай сатып ала бастағаны туралы жазған едік. Енді олардың бұл қулықтары өтпейді, цифрлік даму министрлігі жаңа өзгерістерді дайындап кетті. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметтерін көрсету ережелерін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын жариялады.
Жаңа ережелерге сәйкес, SIM-карталар тек жеке басын куәландыратын құжаттар арқылы ғана сатылатын болады. Ұсынылып отырған түзетулер елдегі SIM-карталардың сатылуын бақылауды күшейтуді көздейді.
“Жоба Қазақстандық байланыс операторлары арқылы тіркеусіз сатылған SIM-карталарды пайдалану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықпен күреске бағытталған. Абоненттік нөмірлерді тіркеуді қатаң бақылау және жеке тұлғаны сәйкестендірмей SIM-карта сатуға тыйым салу ұсынылады. Бұл түзетулер күшіне енген соң, SIM-карталарды тек байланыс операторларынан ғана сатып алуға болады. Бұл алаяқтық әрекеттердің санын азайтуға септігін тигізеді”, – делінген құжатта.
Жоба аясында байланыс операторлары арнайы колл-орталықтар құруы тиіс.
“Абоненттердің қауіпсіздігін арттыру және алаяқтықпен күресу мақсатында байланыс операторлары жедел әрекет ететін арнайы колл-орталықтар құруы тиіс. Бұл абоненттерге күмән тудыратын әрекеттер туралы жедел хабарлап, алаяқтық схемаларды жылдам анықтауға, күдікті нөмірлерді бұғаттауға және құқық қорғау органдарына қажетті мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, байланыс қызметтеріне деген сенімді күшейтеді”, – делінген түсіндірмеде.
Күдікті деп танылған нөмірлер бұғатталады.
“Абонент күмәнді қоңыраулар туралы байланыс операторының ақпараттық-анықтамалық қызметіне шағым жолдайды. Шағым негізінде тексеру жүргізіледі, қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұралады. Шағымда көрсетілген деректер расталған жағдайда, оператор аталған нөмірді бұғаттайды”, – делінген болашақ колл-орталықтың жұмыс принципі жайлы сипаттамада.
Идея авторларының айтуынша, Қазақстандық SIM-карталар арқылы тіркеусіз жүзеге асырылатын интернет-алаяқтық жағдайларының үнемі артуы шұғыл заңнамалық өзгерістерді талап етеді. Алаяқтар дистрибьюторлар мен дилерлер арқылы тіркелген SIM-карталарды пайдаланып, оларды нақты қолданушыларға сәйкестендірмей әрекет етеді. Сонымен қатар, олар шетелдік және жалған нөмірлерді жиі қолданады, бұл тергеу жұмыстарын қиындатып, жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді. Жаңа өзгерістер азаматтарды қорғауға және ұялы байланыс арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған.
Осы тұста айта кетейік, ресейлік маркетплейстерде қазақстандық SIM-карталар әлі де ашық сатылып жатыр. Оның дәлелі ретінде OZON және Wildberries қосымшаларынан көре аласыз. Оның себебі – ресейліктер әлеуметтік желі және басқа да қосымшаларға тіркеле алмайды. Тіпті амалы қалмаған Ресей азаматтары қазақстандықтардан көмек сұрауға мәжбүр. Бүгін белгілі болғандай, Ресей картасынан шетелге ақша аудару да бұғатталған көрінеді. Көрші елдің азаматтары туындаған қиындықтары жайлы әлеуметтік желіде айта бастады.
«Мен әлеуметтік желілер бойынша түрлі қызмет ұсынамын. Маған көмек сұрап жазатындардың дені ресей азаматтары. Осы уақытқа дейін олар менің көмегім үшін ақшаларын аударып келді. Алайда бір күн бұрын олардың карталары бұғатталып, шет елге ешқандай төлем де, аударым да өтпейтінін айтып жаза бастады. Тіпті доллар, еуро да аударылмайды. Осыған қарағанда, Ресейде жағдай тіпті ауыр болса керек», — дейді маман Айжан Нұрмашева.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылардың пікірінше, алаяқтар халықаралық нөмірлерді, VoIP-сервистерді, спуфинг әдістерін немесе жалған тұлғалар атына тіркелген қазақстандық нөмірлерді қолдануы мүмкін. Егер тіркеуді бақылау тек формалды сипатта болса, бұл шаралар аз нәтиже береді. Сондықтан бұл бастамалар пайдалы болғанымен, мәселені толық шешпейді. Сонымен қатар, халықаралық жүйелермен, VoIP-провайдерлермен жұмыс жүргізу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет.
Сонымен қатар, мамандар бұл бастаманың жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты қауіптер тудыруы мүмкін екенін атап өтті:
- Нарықтың монополиялануы: SIM-карталарды тек ірі операторлар арқылы сату бәсекені азайтып, жаңа қатысушылардың нарыққа шығуын қиындатуы мүмкін.
- Жеке деректерді жинаудың кеңеюі: Жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) тіркеу арқылы орталықтандырылған тіркеу азаматтар туралы жиналатын деректердің көлемін арттырады, бұл мәліметтер коммерциялық немесе саяси мақсатта қолданылуы ықтимал.
- Мәліметтердің жария болып кету қаупі: Жеке деректердің үлкен көлемде сақталуы кибершабуылдар мен заңсыз қолдану қаупін арттырады.
Әзірге бұл жоба “Ашық НҚА” порталында 23 мамырға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Оқи отырыңыз: «Санкцияны айналып өту үшін»: Қазақстандық SIM-карталарды ресейліктер жаппай сатып алуда
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру