Ақтөбеде толассыз жауған жаңбыр қала көшелері мен жолдарын шайып кетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан халықтың әбден әбігерге түскенін байқауға болады. Қаланың орталық көшесі болып саналатын Әбілқайыр хан даңғылын қызыл су басқан. Сонымен қатар жөндеуден өткен жаңа жолдардың да жағдайы көңіл көншітпейді. Пайда болған шұңқырға су жиналып, көліктердің қозғалысы қиындаған.
Ал Ақтөбенің тұрғындары болса, қаланың жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанын жарыса жазды.
«Әкімді осы жолмен жаяу жүргізу керек», «Бізде инженер мен құрылысшылар бар ма өзі», «Қала жаңбыр суына да дайын емес», «Осы жолға жыл сайын асфальт төсейді, жыл сайын шұңқыр пайда болады», «Бұл маң бұрыннан суға кетеді, несіне таңданасыздар», «Қала үшін жаным аурады, кезінде қандай еді, қазір қандай», деп жазды олар.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, тұрғындардан түсіністік танытуды сұрап, мәселенің шешілетінін айтты.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қала аумағында су жиналатын жерлерде оны сору және ағызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, дренаждық жүйелерді жетілдіру мәселесі шынымен өзекті.
Бұған дейін жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша су бұру жүйелерін күтіп ұстау, қайта жаңарту және салу бойынша іс-шаралар жоспары жасалған болатын. Оған қаланың ең көп су басқан аудандары кірді. Осылайша, суды бұру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде», деді олар.
ПІКІР ЖАЗУ