Белгілі ғалым Досмұхамед Кішібеков 98 жасқа аяқ басты

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері,  академик,  белгілі ғалым Досмұхамед Кішібеков 98 жасқа аяқ басты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, қазақтың жанашыры туралы аз-кем жазсақ.

І. ТУҒАН ЖЕРІ, ӨСКЕН ОРТАСЫ
Танымал ғалым Досмұхамед Кішібекұлы 1925 жылы, сиыр жылында ерте заманда Шығыс пен Батысты байланыстырған сауда жолында орналасқан, бір жағынан Сырдария, екінші жағынан Қаратау таулары аралығындағы тіршілікке қолайлы киелі мекен Шиелі өңірінде дүниеге келген.
Қызылорда бұл кезеңде Кеңестік Социалистік Қазақ Автономиялы республикасының астанасы болған. Шиелі ерте дәуірлерде Орынбор мен Ташкент аралығында сауда байланыстарының дәнекері болатын. Бұл өңірде «Оқшы Ата», «Бестам» атты әлі де археологиялық зерттеулерді қажет ететін қасиетті орындар баршылық.
Академиктің әкесі – Кішібек ақсақал мұсылмандықты берік ұстанған, әділдік пен адалдықты биік ұстанған. Кішібек ақсақал 1921 жылы аштық басталған жылдары шаңырағына бас сұғып келген аш адамдарға қолда барын беріп, қамқорлық танытқан екен. Мұның барлығы да академиктің бойындағы мейірімділік пен тектілік қасиеттері әке қанымен дарығандығының айғағы. Ғалым өз естеліктерінде әкесінің «Балам, адам бол!» деген қанатты сөзі өмірінің басты ұстанымына айналғандығын айтады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен көптеген жастар оқуларын тастап кетуге мәжбүр болды. Бірақ, Досмұхамед ағамыз оқуын ешбір кедергілерге қарамай жалғастыра түсті. Тіпті, 9 класс оқушысы ұстаздарының орнына мұғалім міндетін де атқарды.
Осылайша ғалым 1943 жылы акпанда әскерге шақырылып, Самарқандағы 368-ші атқыштар отрядына жіберіледі. Кейіннен, Ростов облысындағы Зерноград қаласында ұшқыштар даярлайтын жазғы мектепте білім алады. Ол қазақ халқы тарихындағы сұрапыл кезеңдер аштық нәубеті, екінші дүниежүзілік соғыс оқиғасының алапат кезеңдерін басынан өткеріп, өмірлік тәжірибе ала білді.
ІІ. ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ
Досмұхамед Кішібековтің ғылыми еңбектерінің қай-қайсысында болмасын өзіндік ой, салмақты пікір жатыр. Мәселен, «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» атты еңбегінде ғалым жазу өнері алғаш Мысыр елінде емес, Таяу және Шығыс елдерінде көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халықтарда пайда болғанын дәлелдеуге тырысады. Ол Қазақ мемлекеттілігі, Еуразия аумағындағы көшпелі халықтардың мәдениеті, тарихы, Батыс Сібір мен Қазақстан территорияларындағы өркениеттер тарихы, ғылым тарихы мен философиясы, Кеңес заманындағы тарихи тұлғалардың келбетін өрнектеу сынды тақырыптары бойынша дәекті ғылыми пікірлер мен қорытындылар жасайды.
Мамандығы — тарихшы. Кезінде біздің институттан Мәскеу қаласына аспиратураға Қаныш Сатпаев ағамыздың қолынан жолдама алған. Зерттеунің көбін — Ұлы дала өркениетінің тарихына арнады. Жаңа жылдың алдында — жаңа еңбегінің тұсаукесерін өткізді…

ІІІ. ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ
• «Менің ойымша, шынайы шығармашылық ең бірінші кезекте әлемді танудағы өзіндік түсініктен тұрады».
• «Ғылымда сыни пікірлерден қорқудың қажеті жоқ, қателік келесі зерттеушіні ғылымда тура жол табуға септігін тигізеді».
• «Ғалымдар үшін халық ауыз әдебиеті ең құнды да объективті дерек болып табылады».
• «Біз, қазақ халқы ежелгі мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділердің ұрпақтарымыз».
• «Мемлекеттілігі жоқ елдің халқы бақытсыз».

ІV. АҒАМЫЗДЫҢ ИНСТИТУТҚА ДЕГЕН ЖАНАШЫРЛЫҒЫ
Академик Д.Кішібеков Институтта жүзеге асырылып жатқан «Ежелгі дәуірден бүгінгі заманға дейін» жеті томдық академиялық басылымның Бас ғылыми кеңесшісі, ақылшысы. Оның негізгі тұжырымдамалары мен құрылымдық бағытының қалыптасуына өз пікірін алға тартып, қомақты үлес қосуда. Ғалым ағамыздың өркениеттер тарихы, қазақ мемлекеттілігі және басқа да отан тарихының өзекті тақырыптары бойынша ғылыми концепцияларына сүйеніп, абыз ақсақалдың ғылыми ойларын ұстаным етеміз.

Міне, бүгін рухты ғалым Досмұхамед Кішібекұлы 98 жасқа қадам басып келеді. Соғыс ардагері. Қазақ халқының абыз ақсақалы – Досмұхамед Кішібекұлына мықты денсаулық, шығармашылық шабыт тілеймін. Ғалым Досмұхамед Кішібекұлының өмір жолы мен ғылымды дамытудағы жанкешті еңбегі келер ұрпаққа мәңгілік өнеге.

 

Зиябек ҚАБУЛДИНОВ.