Премьер-Министр Әлихан Смайылов арнайы өткізілген кеңес барысында осылай деді. Ол өңір әкімдерін азық-түлікке қатысты жағдайды ойдағыдай бақылай алмай отырғандығын сынады, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Қазақпаратқа» сілтеме жасап.
«Маңғыстау облысында пияз 39,2 пайызға, сиыр еті 5,5 пайызға қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақытылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Аталған жұмыс орындалмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсуіне жол беріліп отыр. «Айналым схемасына» 3,6 миллиард теңгелік жоспар кезінде 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн теңге ғана бағытталды», – деді ол.
Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл орайда өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ға, 9,5%-ға және 5,3%-ға қымбаттаған.
«Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз», — деді Ә. Смайылов.
Отырыста Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін өзекті етіп отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ескере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды.
«ozgeris.info»
ПІКІР ЖАЗУ