Алматы қаласында өзен маңына тұрғын үй кешенін салу жоспарына қатысты дау кассациялық сотқа дейін жетті. Бұл туралы мемлекеттік органның баспасөз қызметі хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.
Мәселе Бостандық ауданында жоспарланған тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасын келісуге байланысты туындаған. Аталған жобаға қатысты 2025 жылғы 16 қаңтарда уәкілетті орган тарапынан тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған.
Атап айтқанда, жоба бойынша ғимараттарды Керенқұлақ өзені маңында, су айдынынан 12 метрге жетпейтін қашықтықта салу көзделген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай аумақтарда су қорғау белдеуі кемінде 35 метр болуы тиіс және бұл аймақта тұрғын үй құрылысына рұқсат етілмейді.
Осыған байланысты уәкілетті орган тарапынан берілген нұсқамаға Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қарсы шығып, комитетпен соттасқан.
Істі қараған бірінші сатыдағы сот нұсқаманы заңды деп таныды. Кейін апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Ал кассациялық сот төменгі сот инстанцияларының қорытындыларымен келісіп, су қорғау талаптарының бұзылуы нұсқама шығаруға жеткілікті негіз екенін атап өтті. Нәтижесінде апелляциялық соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.