АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жүргізіліп жатқан әскери операцияның негізгі кезеңі аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол халыққа арнаған ресми үндеуінде айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Президенттің сөзінше, алдағы екі-үш апта ішінде АҚШ әскері Иранға қарсы ауқымды әрі күшті соққы беруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл соққылар Америка Құрама Штаттарының әскери операцияларының шешуші кезеңі болуы мүмкін.
«Біз жақын арада барлық әскери міндеттерімізді аяқтаймыз. Алдағы екі-үш апта ішінде өте күшті соққы жасаймыз. Бұл — біздің стратегиямыздың маңызды бөлігі», — деді Трамп.
Ол сондай-ақ соңғы 32 күн ішінде АҚШ армиясы «жылдам, нақты және күйретуші» нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, жүргізілген әскери әрекеттердің арқасында Иран енді АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне бұрынғыдай қауіп төндірмейді.
Еске сала кетейік, 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иран аумағына бірқатар әскери соққылар жасаған. Бұл өз кезегінде Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісуіне алып келді.
Жауап ретінде Иран Израиль аумағына, сондай-ақ АҚШ-тың әскери базаларына және Парсы шығанағындағы елдерге қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Қақтығыс барысында мыңдаған адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.
Наурыз айының соңында Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) мәлімдеме жасап, Таяу Шығыста орналасқан америкалық компанияларға қауіп төндіретінін жеткізді. Әсіресе ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін ұйымдардың кеңселеріне соққы жасалуы мүмкін екені айтылды.
Қазіргі таңда халықаралық сарапшылар Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығу ықтималдығына алаңдаушылық білдіруде. Сонымен қатар, өңірдегі әскери қақтығыстың ауқымды соғысқа ұласу қаупі де күн тәртібінен түспей отыр.