Қазақстандық оқушы Google-дан грант алды

Қазақстандық оқушы Google-дан грант алды

Павлодар қаласының 11-сынып оқушысы Игорь Мартынюк жасанды интеллектке негізделген стартап жасап, халықаралық деңгейде мойындалды. Оның жобасы инвестиция тартып қана қоймай, Google компаниясынан грантқа ие болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты  informburo.kz поталына сілтеп.

Оқушы әзірлеген TabAI атты өнім — пайдаланушының цифрлық белсенділігін талдап, тапсырмаларды жүйелеуге және жұмыс процесін тиімді басқаруға көмектесетін интеллектуалды көмекші. Жоба көп міндеттілік пен ақпараттық жүктемені азайтуға бағытталған.

Қазіргі таңда TabAI-ды әлем бойынша шамамен 20 мыңға жуық адам қолданады. Жоба халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, нәтижесінде стартап 35 мың доллар көлемінде инвестиция тартты.

Сонымен қатар, жас кәсіпкер әлемдегі ең танымал акселераторлардың бірі — Y Combinator ұйымдастыратын YC Startup School білім беру бағдарламасына толық грант жеңіп алды. Айта кетейік, ол Орталық Азиядан бұл бағдарламаға қатысқан алғашқы мектеп оқушысы болды.

Бағдарлама талаптарына сәйкес жас шектеуі болғанына қарамастан, ұйымдастырушылар Игорьдің жобасына ерекше қызығушылық танытып, оның қатысуына толық қолдау көрсеткен. Барлық шығын, соның ішінде ұшу, тұру және оқу ақысы толық өтелген.

Бұдан бөлек, Игорь Мартынюк жасанды интеллект саласында қарқынды дамып келе жатқан Cursor компаниясының ресми амбассадоры атанды. Бұл рөлде ол Қазақстан мен Орталық Азияда әзірлеушілер қауымдастығын дамытуға, хакатондар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға атсалыспақ.

Алдағы уақытта жас стартапер өз жобасын одан әрі жетілдіріп, халықаралық акселерациялық бағдарламаларға қатысуды және Y Combinator негізгі іріктеу кезеңіне өтінім беруді жоспарлап отыр.