Ақтөбеде авиажөндеу зауытының бұрынғы басшысы 7 жылға сотталды

Ақтөбеде авиажөндеу зауытының бұрынғы басшысы 7 жылға сотталды

Ақтөбеде «Авиажөндеу зауыты № 406 ГА» акционерлік қоғамының бұрынғы президенті Геннадий Мезенцев кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қалалық №2 сотта қаралған іс барысында бұрынғы басшыға Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салды деген айып тағылған.

«Геннадий Мезенцев жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді, сондай-ақ 6 жыл бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты қызмет атқару құқығынан айырылады», – деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Бұдан бөлек сот зауыттың талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталушыны кәсіпорынға 83,5 млн теңге материалдық шығын төлеуге міндеттеді. Оған қоса ол 2,5 млн теңге көлеміндегі сот шығындарын да өтеуі тиіс.

2017-2021 жылдары зауытты басқарған экс-президент бұған дейін де осындай қылмысы үшін 4 жыл 6 айға сотталған болатын. Ол кезде Мезенцев 2018-2020 жылдары Ми-2 тікұшағының бөлшектерін негізсіз есептен шығарды деп айыпталған. Ал бұл жолғы жаза араға бір жыл салып сотқа түскен екінші іс бойынша кесіліп отыр.

Все новости