Қазақстанда шетелдік компаниялар үшін қолайлы климат жасалған. Алайда олар заң талаптарын бұзып, орындамаса, Үкімет бақылауды күшейтіп, жауапкершілікке тартуға құқылы ма?
Мысалы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин Қырғызстан билігін елдегі ресейлік компанияларға қысым көрсетіп, олардан ақша бопсалап жатыр деп айыптады. Ол ресейлік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді талап етті.
Қандай компаниялар туралы сөз болғаны нақты айтылмады. Дегенмен, қырғызстандықтар бұл мәлімдемені жақында “Яндекс.Такси” кеңсесінде жүргізілген тінту ісімен байланыстырады. Аталған тексеру компанияның салық төлеуден жалтарғаны жөніндегі қылмыстық іс аясында өткен. Әлеуметтік желі қолданушылары “Яндекс.Такси” Қырғызстан нарығын монополиялап алғанын, бірақ барлық табысы шетелдік иелеріне кететінін жазуда.
Қырғызстанның Мемлекеттік салық қызметінің басшысы Алмамбет Шыкмаматов Михаил Мишустинге жауап ретінде:
“Ел басшылығы туралы айтқанда, Мишустин мырза дәлсіздікке жол берді, ал “бопсалау” деп асыра сілтеп өрескел қателік жіберді деп мәлімдеді. Ол сонымен қатар Қырғызстанның салық қызметі “бизнесті өзіміздікі немесе бөтен деп бөлмейтінін”, барлық компаниялардың заң талаптарына бағынуы керектігін және “салық төлеу — әрбір кәсіпкердің қасиетті борышы” екенін атап өтті.
Қазақстан нарығына кірген шетелдік компанияларды жауапкершілікке тарту
Жалпы 2022 жылдан бастап Қазақстанға көшіп келген ресейлік компаниялардың саны күрт өсті. Ол жылы шетелдік кәсіпорындар саны 2,4 мыңға артты, оның ішінде 1,6 мыңы Ресейден келген. Қазақстан билігі шетелдік компанияларды тексеріп, қажет болған жағдайда жауапкершілікке тартуға құқылы. Соңғы жылдары елдегі монополияға қарсы және салық органдары шетелдік компаниялардың қызметін белсенді түрде бақылауға алып, кейбір ірі корпорацияларға айыппұл салған.
Такси қызметі Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Ресейлік «Яндекс.Такси» қызметі кеңінен қолданылады. 2022 жылы бұл платформада 150 мыңнан астам қазақстандық жүргізуші болып тіркелген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың бес айында такси нарығының субъектілері 3 373,5 млн теңге кіріс тауып, жалпы саны 28 437,5 мың жолаушы тасымалдаған.
«Яндекс.Такси» компаниясы 2023 жылы ел бюджетіне 23 миллиард теңге салық төлеген. Сонымен қатар компания қазақстандық жүргізушілерге бонус ретінде қосымша 7-10 миллиард теңге төлеуге міндеттелді.
«Яндекс.Такси»: Монополияға қарсы тергеу және жауапқа тарту
2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.Такси» компаниясына қатысты монополияға қарсы тергеуді аяқтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тергеу нәтижесінде компания бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін таксопарктерге мәжбүрлеп енгізгені және монополияға қарсы органға қажетті ақпаратты ұсынбағаны үшін айыпталды.
Осыған байланысты «Яндекс.Такси» Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына өз еркімен 3 миллиард теңге аударды. Сонымен қатар, компания мен агенттік арасында монополияға қарсы комплаенс келісімі жасалып, оның аясында келесі шаралар қабылданды:
- Жүргізушілердің табысын арттыру: 2023 жылдың 14 желтоқсанынан бастап, егер тапсырыстың құны базалық жол жүру ақысынан екі есе жоғары болса, «Яндекс» өз комиссиясын ұстамайды. Бұл шараның жылдық экономикалық әсері шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.
- Қосымша бонустық бағдарлама енгізу: 2024 жылы жүргізушілерге арналған қосымша бонустар қарастырылып, олардың жалпы сомасы 7-10 миллиард теңгені құрайды.
- Тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыру: Пайдаланушыларға тарифтің не себепті өзгергені және қандай өзгерістер болғаны туралы ақпарат беру үшін қосымшада тиісті жаңартулар енгізіледі.
2023 жылы «Яндекс.Такси» қызметіне деген сұраныс 40%-ға өсті, ал сапарлардың орташа құны 11%-ға артты. Бұл өсім елдегі инфляция деңгейіне сәйкес келеді.
Huawei Technologies Kazakhstan: Салықтық әкімшілендіру және меморандум
2023 жылы Huawei компаниясына Қазақстанда салық төлеу бойынша заңбұзушылықтар анықталып, миллиардтаған теңге көлемінде айыппұл салынды.
2023 жылы Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті мен Huawei компаниясы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша меморандумға қол қойды. Бұл келісім тиімді және ашық салық жүйесін құруға бағытталған.
2023 жылы Huawei компаниясы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 164,7 миллиард юань инвестициялады, бұл жылдық кірістің 23,4%-ын құрайды. Соңғы онжылдықта компанияның осы салаға салған жалпы инвестициясы 1,11 триллион юаньға жетті
Халықаралық IT- компанияларын жауапқа тарту
«Бүгінгі таңда 98 шетелдік ұйым тіркелген, олардың арасында Alibaba, Aliexpress, Apple Google, Huawei, Netflix, Pinduoduo, Temu және басқа да ірі ойыншылар бар. Төленген салықтардың жалпы сомасы 70,0 миллиард теңгеден асты», — делінген комитеттің былтырғы ресми хабарламасында.
Жаңа салықтық талаптарға сәйкес, аталған компаниялар Қазақстанда алынған табыстарынан салық төлеуге міндетті болды. Шетелдік интернет-компаниялардың қызметін бақылауды күшейту мақсатында Салық кодексіге қосымша өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, шетелдік компания тіркелу жөніндегі міндеттемелерін орындамаса, оның Қазақстан аумағындағы қызметін бұғаттауға дейінгі шаралар қарастырылған.
Шетелдік компаниялар билік тарапынан қысым көрдік деп айтыптаған жағдайлар
Әсіресе, салық саясаты, бәсекелестік ережелері және жергілікті серіктестермен қарым-қатынасқа байланысты мәселелер туындап отырған.
- Karachaganak Petroleum Operating (KPO) және Қазақстан билігі арасындағы дау
- 2010-2020 жылдары Қазақстан Үкіметі Қарашығанақ кен орнын игеруші шетелдік консорциумды (KPO: Shell, Eni, Chevron, Lukoil) қоршаған ортаға зиян келтіру және әділетсіз табыс бөлу мәселелері бойынша бірнеше рет айыптады.
- 2018 жылы KPO Қазақстанға 1,1 миллиард доллар өтемақы төлеуге мәжбүр болды.
- Шетелдік инвесторлар Қазақстанның мемлекеттік органдары экономикалық қысым көрсетіп, келісімшарттарды қайта қарауға мәжбүрлейді деп шағымданды.
- Сбербанк және цифрлық платформа келісімі
- 2021 жылы Қазақстан Үкіметі Ресейдің Сбербанк компаниясымен “Цифрлық Қазақстан” платформасын жасау бойынша келісім жасады.
- Қоғамдық сын мен IT-мамандардың қарсылығынан кейін бұл келісім 2022 жылы тоқтатылды.
- Сбербанк өкілдері Қазақстан билігіне саяси қысым жасалды деп мәлімдеді.
- Яндекс.Такси және Қазақстандағы монополияға қарсы тергеу
- 2023 жылы Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау агенттігі “Яндекс.Такси” компаниясын нарықтағы монополиялық жағдайын асыра пайдаланды деп айыптап, 3 миллиард теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
- Кейбір ресейлік БАҚ Қазақстанның Яндекс-ке қысым жасап отырғанын мәлімдеді.
- Қытайлық TikTok пен Қазақстандағы салық мәселелері
- 2023 жылы Қазақстан Үкіметі TikTok, Google, Apple, Meta (Facebook) сияқты ірі шетелдік IT-компанияларды Қазақстанда салық төлеуге міндеттеді.
- TikTok Қазақстанның бұл талабын “бизнеске қысым” деп бағалады.
Бюджетті қампайтып жатқан Қазақстандағы шетелдік компаниялардың ТОП-25 компания тізімін Forbes.kz електеп өткізіп, назарларыңызға ұсынып отыр.
ПІКІР ЖАЗУ