Тікелей эфирде есеп берген соң бейәдеп сөз айтқан Щучинск әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Халық алдында есеп беріп болғаннан кейін балағат сөз айтқан Щучинск қаласының әкімі қатаң сөгіспен құтылып кетті. Олжас Нұрмағамбетов микрофон қосулы тұрғанын және трансляция тоқтамағанын білмей қалып, бейәдеп сөз айтқанын мойындады. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Желідегі тікелей эфир аяқталмай жатып әкім орысшалап: «Сол парақшасын бір жеріне тығып қойсын!» деп ашуға мініп айтқан. Ал бұл сөздері таспаға жазылып қалған. Алғашқыда Олжас Нұрмағамбетов «жаман сөз айтпадым» деп ат-тонын ала қашқан.

Бірақ қызметтік тексеріс басталғанда мемлекеттік қызметкер түсініктеме жазып, бейәдеп сөздерді халыққа емес, жергілікті ақпараттық порталдың тілшісіне қаратып айтқанын мәлімдеген. Олжас Нұрмағамбетовтың әкім қызметіне келгеніне 1 жыл ғана болған.

“Нұрмағамбетовтің этикаға жат әрекеті көпшіліктің наразылығын тудырды. Әрине, қызметтік тексеріс жүргізіліп, аталған ақпараттың шындыққа жанасатыны анықталды. Оның үстіне ол қателігін мойындады. Оған тәртіптік жаза яғни, қатаң сөгіс жарияланды”, – деді Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова.