«Ақ жол» отандық тасымалдаушылардың құқығын шектеген шенділерді жауапқа тартуды талап етті

«Ақ жол» отандық тасымалдаушылардың құқығын шектеген шенділерді жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Ержан Бейсенбаев жариялады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Депутаттық сауалына сәйкес «Ақ жол» партиясына 380 отандық компанияның басын біріктіріп, халықаралық тасымалдаумен айналысып жүрген Қазақстан Республикасы халықаралық автокөлік тасымалдаушылары одағының (ҚазАТО) шетел мемлекеттері аумағымен жүру үшін шетелдік рұқсаттама бланктерінің жетіспеушілігі жөніндегі шағымдары түсті.

Қазіргі уақытта қазақстандық тасымалдаушыларға шетелдік мемлекеттер аумағымен жүріп өту құқығын беретін шетелдік рұқсаттама бланктерімен қамтамасыз ету секілді тосқауылдың тұрғанына кәсіпкерлер алаңдаушылық білдіріп жатыр.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа бағдарлама енгізіліп, соған сәйкес шетелдік рұқсаттама бланкі алу, оны үлестіру, беру және қатаң есептіліктегі шетелдік құжаттың қайтарылуын бақылауды, сондай-ақ, оны есептен шығару халықаралық бағыттардағы автокөлік тасымалдары жүйесін кеңейту мәселелеріндегі өкілетті орган ретіндегі жаңадан құрылған Көлік министрлігінің көлік комитетімен жүзеге асырылады.

Осы саладағы халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының халықаралық автокөлік тасымалдаушылары қауымдастықтары ШРБ-ды комиссиялық түрде беріп, үлестіреді, яғни, барлық тасымалдаушылар автокөлік тасымалының дамуына септесетін халықаралық құжаттармен қамтамасыз етіледі.

Кәсіпкерлердің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасында енгізілген жаңа бағдарлама жағдайды жақсартпай, шетелдік рұқсаттамалардың жасанды тапшылығын тудырған, бұл өз кезегінде ШРБ-дың интернеттегі сатылымын 500-ден 2000 АҚШ долларына дейін шарықтатып жіберген.

Жасалған тосқауылдар салдарынан 2022 жылдың соңына қарай шетелдік рұқсаттамалардың 30% отандық тасымалдаушылар арасында үлестірілмей қалған, бұл мемлекет бюджетінің 3 млрд теңгеден қағылуына алып келді.

Отандық тасымалдаушылардың мәліметінше, ғаламтор жүйесінде әлі күнге дейін шетелдік рұқсаттама бланктері сатылып жатыр, олардың бағасы түріне қарай 400-ден 2500 АҚШ долларына дейін жетеді.

Көлік комитеті көліктік бақылаудың аумақтық органдарындағы шетелдік рұқсаттамалар жоқтығының себебі, адал емес тасымалдаушылардың аталмыш бланкілерге көптеп алып алғандығы, яғни, балансында бір көлік құралы жоқ, олар өздерінің жылжымалы құрамдарын 50-ден 1000 бірлікке дейінгі жалға алынған көліктермен толықтырып, соған көп мөлшерде шетелдік бланкілерді алып алады да, кейін жеке пайдасы үшін соларды сатудан табыс табады. Мұндай компаниялардың барлық автокөліктері халықаралық тасымалдау талаптарына сай келмейді және олар шын мәнінде халықаралық жүк тасымалдарымен айналыспайды.

Жалға алынған жылжымалы құрамы бар тасымалдаушылардың көбі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері ретінде тіркелген, жұмысшыларының саны 5-ке, кейде 10 адамға дейін жетеді. Соған қарамастан олардың алған рұқсаттама бланктері штаттарында бар жүргізушілер санынан ондаған есе асып түседі, бұл аталмыш рұқсаттамалардың заңсыз берілгендігін айғақтайды.

Одан бөлек, аталған халықаралық автокөлік тасымалы саласындағы барлық рұқсаттама жүйесі функцияларын бір мемлекеттік органға жүктеп қою жемқорлық тәуекелдерді тудырады.

Осы орайда, халықаралық автокөлік жүк тасымалының дамуы мен жақсаруына кедергі келтіретін шарттарды жою мақсатында «Ақ жол» партиясы келесі ұсыныстарды жолдады:

  1. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, отандық халықаралық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсаттама бланкілерін беру тәртібін қайта қарау.
  2. Көлік министрлігі Көлік комитетінің Қазақстан Республикасында ШРБ қабылдау, одан әрі тарату, шығару, қатаң есептіліктегі шетелдік құжаттың қайтарылуын бақылау, сондай-ақ оны есептен шығару бөлігіндегі функцияларын шектеу.
  3. Басқа елдерде шетелдік рұқсаттама бланкілері сияқты құбылыстың жоқтығы себепті шетелдік рұқсат бланкілерінің интернет саудасын тоқтату.
  4. Осы саладағы кәсіпкерлердің құқығын бұзуға жол берген шенеуніктерді анықтап, олардың қызметі не әрекетсіздігінде жемқорлық құрамының бар-жоғын тексеріп, қажет болған жағдайда жауапкершілікке тарту.