Қазақстан Ауғанстанға коммерциялық негізде интернет жеткізеді

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ауғанстамен телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы айтты, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

«Өңірлік қатынастарды, оның ішінде телекоммуникация саласындағы байланыстарды дамытуға ықпал ететін экономикалық және интеграциялық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өткен жөн. Естеріңізде болса, биылғы сәуір айында Кабул қаласында біз «Ауған Телеком» мен «Қазақтелеком» арасындағы жобаны талқыладық. Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша осы салада елдеріміз арасындағы ынтымақтастық бағытында ерекше маңызы бар келісімшарттың бекітілуімен құттықтағым келеді», — деді С. Жұманғарин Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында.

Оның пайымынша, техникалық мүмкіндіктерін біріктіру және Ауғанстан арқылы басқа елдерге трафик транзиті есебінен ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару тұрғысында екі ел операторларының айтарлықтай әлеуеті бар.