Амангелді Имановқа — 150 жыл

Қазақтың біртуар батырларының бірі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кенесарының жансерігі Иман Дулатұлының немересі Амангелді Имановтың туғанына биыл 150 жыл. Осы секілді халық батырлары қазір ел жадынан біртіндеп өшіп бара жатқан секілді. Тарихымыздың маңызды тұлғаларының есімдерін қайта жаңғырту мақсатында елімізде биыл көптеген мерейтойлар атап өтілмекші. Халық батырының өмірі, жасаған ерліктері жайлы жас буынға азды көпті ақпарат жазуды жөн көрдік.

Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінде дүниеге келген. Амангелді ең алғаш ауыл молдасынан сауатын ашып, кейін Тасыбай Тәшмағамбет ишандардың медресесінде 4 жыл білімін шыңдап түрік, парсы, араб тілдерін меңгереді. 1938 жылдары шыққан қазақтың тұңғыш Амангелді фильмінде  батырды сауатсыз етіп көрсеткен. Шын мәнінде қозғалысты сауаты жоқ адам, дұрыс басқара алмайтын еді. Әкесінен ерте жетім қалып, ел ішіндегі дауларға ерте араласып, 1896-1911 жылдары Ресей патшалығының қудалауына ұшырап, бірнеше рет түрмеге отырып шығады. 1916 жылы маусым айында Николай ІІ патша 19-43 жас аралығындағы ер адамдарды соғысқа алу туралы жарлық шығарады, осы жарлыққа қарсылық танытып бұқара халық көтеріледі. Көтерілістің ауыр екпіні Торғай даласында айқын көрінді. 2-3 айдың ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қорғалыкөл деген жерде бас қосып, Амангелдіні көтеріліс басшысы сайлайды. Көтеріліске қатысушы сарбаздар саны 50 мыңға жетті. Тамыз-қыркүйек айларында Амангелдінің әскері жазалаушы отрядтарға қарсы бірнеше сәтті ұрыстар жүргізеді. 1916 жылы 25 қазанда А.Иманов басқарған 15 мыңға жуық әскер Торғай уезін қоршауға алады. Осы көтеріліс барысында Амангелдігің қолбасшылық қасиеті танылды. Патша үкіметі әскерінің негізгі күші жеткенсоң ғана Амангелдінің әскері қаладан алшақ жерге кетеді. Амангелді большевиктердің қатарында болып, алашордашыларға қарсы күрес жүргізді. 1919 жылы Торғайда Кеңес үкіметі құлап, Амангелді тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Батыр Алакөлде жерленіп, 1940 жылы аудан орталығына қайта жерленеді.

Батырдың 150 жылдығына орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінде экономика факультетінің 1 курс студенттері мен тарих факультетінің тарих-география мамандығының 1 курс магистранттарының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара атап өтілді. Шараға факультет деканы мен Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушілері, профессорлар қатысты. Іс-шарада Амангелдінің өмір баяны, қазіргі күнгі ұрпақтары, Амангелдіге қазіргі ғалымдардың көзқарастары жайлы баяндамалар оқылды. Сонымен қатар студенттердің арасында Амангелді батыр туралы сауалнама жүргізілді. Бір өкінерлігі студенттердің көпшілігі батыр жайлы ақпарат білмейтіні анықталды.

Тарих ғылымының докторы, профессор Б.С.Сайлан 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты М.Е.Айберген