Ақтөбелік оқушы әлемнің тоғыз университетінен шақырту алды

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гүлназ Аманжолова әлемнің тоғыз университетінен шақырту алды, деп хабарлайды «ozgeris.info».

Аталған мектептің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Гүлназ Аманжолова әлемнің 15 университетінің бакалавриат бағытына құжат тапсырған. Оның ішінде Drexel University, Simmons University, Pitzer College, Bocconi University, University of Pisa, Jacobs University, University of British Columbia, Ca Foscari University, Rollins College оқу орындарының экономика және іскерлік әкімшілік мамандығына құжатын өткізген. Нәтижесінде оның тоғызына шақырту алған.

—  Бұл — зияткерлік мектептегі оқудың, тыңғылықты дайындықтың нәтижесі. Қазір Еуропа, Азия және Канаданың бірнеше университетінің де шешімін күтіп отырмын, — дейді Гүлназ Аманжолова.

Ол әлемнің үздік университеттерінен шақырту алу үшін арнайы тест тапсырмаларын орындаған. SAT Reasoning емтиханында 1430 балл жинаған. IELTS бойынша орташа балы — 7.5.

Гүлназ қазір білімін жалғастыру үшін Pitzer College оқу орнын таңдап отыр. Біріншіден, бұл — 5С университеттерінің бірі. 5С — Калифорния штатының Кларемонт қаласында орналасқан бес оқу орны. Оқушы бесеуінің біріне түссе, қалған төрт университетте оқуға және курстардан өтуге мүмкіндігі бар. Екіншіден, Pitzer College оған оқу ақысын, тұрғын үйді, тамақты және медициналық сақтандыруды қамтитын жылына 85 000 доллар қаржы ұсынып отыр.

 «ozgeris.info».