Заңның түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылуы себептері анықталды

«Халқымыздың 70%-дан астамы қазақ азаматы бола тұра, құқық жүйесінің қазақшаланбауы – жанға бататын жағдай. Демек, қазақ тілі заңмен бекітілген негізгі тіл функциясын толық атқара алмай отыр».

Бұл туралы Жоғарғы Соттың алқа төрағасы Нұрсерік Шәріпов М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ бірлесіп ұйымдастырған «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және олардың шешу жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда мәселенің бұлай күрделенуінің себептерін былайша саралады.

Біріншісі. Заңдардың қазақ тілінде әзірленбеуі. Мемлекеттік тілдегі нұсқалары түсініксіз, шұбалаңқы. Заңгерлер заңдардың орыс тіліндегі нұсқасына жиі жүгінуде.

Екіншісі. Заңгерлердің алдына келген адамға орысша шаблон беру әдетінен арылмауы. «Оқытушы мен оқу құралы аз» деген уәж айтатындар да бар.

Үшіншісі. Құқық қорғау, сот жүйесіне кадрларды іріктеу кезінде мемлекеттік тілдің талап етілмеуі. Салдарынан заң, құқық қорғау жүйесінде орыстілді мамандар көбірек жұмыс істейді және қоғамда «менің құқығымды орыстілді заңгер жақсырақ қорғайды» деген түсінік қалыптасқан. Мұндай таптаурын пікірді жоятын уақыт келді. Қазақ тілді білікті мамандар жоқ емес, бар. Оларды салаға тарту үшін қолдан келетін амалдың барлығын жасауымыз керек!

Төртінші – мемлекеттік органдар мен мекемелердің сотқа талап арыздарды орысша жолдауы. Егер мемлекеттік органдар тілге осыншалықты селқос қарайтын болса, онда басқалардан не күтеміз?!

Бесінші себеп адами фактормен байланысты. Жалпы күнделікті өмірде тілімізді қолдануға ешкім кедергі емес. Қазақ тілінің иесі де, жоқтаушысы да – өзіміз. Егер оны өзіміз қолданбасақ, ол басқа ешкімге керек емес. Сондықтан тілдің мәртебесін көтеруге күш салуымыз керек!

Осы айтылған және басқа да мәселелерді қорыта келе конференция қатысушылары бірлескен қарар қабылдады.

Баспасөз қызметі