Заңның түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылуы қажет

«Елімізде қазіргі таңда заң жобалары, жалпы заң шығармашылығы орыс тілінде жүзеге асырылатыны белгілі. Алдында ескертілгендей құқық жүйесіндегі мемлекеттік тілдің проблемалары бір-бірімен сабақтасып, араларында себеп-салдар қатынасы бар мәселелер. Сондықтан, жоғарыда зерделенген заң мәтіндеріндегі ақаулардың басты себебі заңдардың о баста, түпнұсқада қазақша жазылмауында, заң шығармашылығының қазақша дамымай, сол бұрынғы әдетімен орыс тілінде жалғасуында деп пайымдауға толық негіз бар», — деді  М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Вице-провосты Марат Ахмади.

Бұл туралы Жоғарғы Сот және М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ ұйымдастыруымен «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және олардың шешу жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда университет Вице-провосты Марат Ахмади «Әділетті Қазақстан: трансформация кезеңіндегі қазақ құқығы» тақырыбы баяндамасында қазақ тілінің дамуына бағытталған университет жұмыстарына тоқталды.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы Н.Шәріпов қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі мен жағдайы өз деңгейінде емес екені туралы дәлелдер мен мысалдарға тоқталды.

«Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да заңдардың 99% әуелі орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылған. Оның өзінде аудармасы сапасыз, сөздері түсініксіз. Терминдері әр кодексте әртүрлі мағына береді. Осыдан келіп қазақ тілін құқық жүйесінде өз деңгейінде қолданбау мәселесі туындайды», — деді сот алқасы төрағасы Н.Шәріпов.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде әлемдегі тілдердің дамуындағы қазақ тілінің орны, тілдің сыйымдылығы мен терминология мәселелері туралы айтты.

«Біз осы мәселені қолға алып, жаңа 2023-2028 бесжылдық тұжырымдаманы дайындауымыз керек. Үкіметтің алдында осы мәселені көтердік. Сондықтан осы бүгінгі алаңды пайдалана отырып, әрқайсысымыз, тілжанашыры, сарапшылары, депутаттарымыздың қатысуымен алдағы жұмысты бастаймыз», — деді министр.

Баспасөз қызметі