Сүндеттеудің сыры

Сүндет той – ер баланың жетіліп, өскенін көрсететін дәстүр. Ол 5 немесе 7 жасында жасалады. Баланы сүндетке отырғызғаннан кейін, ағайын-туыс, таныс-жекжаттың бәрін шақырып, күрес, құнанжарыс сияқты ойындар ойнатылады. Келген қонақтар жас балаға тай, құнан атайды немесе оның ақшалай көрімдігін береді. Сүндеттеуді ауызекі тілмен сөкеттеу, піштіру десе, көпті көрген қариялар «сұлулау» деп әсем келтірген.

Сүндет тойға қыз балалар, бойжеткендер қатыспаған, өйткені қыз баланың сұлулау шарасына атсалысуы ұят саналады.

Сүндеттеу рәсімі психология тұрғысынан

          Сүндетке отыру баланың есейгенін білдіреді. Сол себепті де баланы тым ерте 1-2 жасында, тіпті 4 жасында сүндеттеуге болмайды. «Бала жетіге келгенше, жерден жеті рет таяқ жейді» демекші, бұл кезде бала байқаусызда денесіне зақым келтіруі мүмкін. Сол үшін 5-7 жас деп жобалаған. Ата-аналар «Сен азамат боласың», «Жігіт атанасың» деп бозбаланың мәртебесін көтеріп, оны осы рәсімге психологиялық тұрғыдан дайындайды.

Сүндет тойға қонақтарды бала өзі шақырады. Ер балаға бешпет, кестелі шалбар, бөрік сияқты әсем киімдер кигізіп, тайына мінгізеді. Ол сүндетқоржынын алып, ауылды аралайды. Сүндетқоржыннан шашу үлестіріп, жиынға шақырады. Ал ауыл адамдары оған ізгі тілектерін жаудырып, кәдесыйлар ұсынады.

Мұның тәрбиелік мәні зор. Бала өзіне көрсетілген сый-құрметті сезініп, мерейі артады, өзіне деген сенімділігі пайда болады. Қонақтарды өзі шақыру арқылы ісіне жауапкершілік алады. Істі өзі тындыра алатынын түсініп, ер жеткенін ұға бастаған. Төзімді және шыдамды бола бастайды.

Сұлуланған соң, бала көп уақыт жүгіріп, асыр сап ойнай алмайды. Оған күтім пен ұқыптылық қажет. Сол үшін де оның жүрісі, өзін-өзі ұстауы өзгереді, бұл оны байыпты, салмақты болуға баулиды.

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан»

          Сүндет тойға нағашы жұрт ерекше атсалысады. Олар балаға «қырық шеркеш» немесе «қырық шұбар тай» ұсынуы керек. Осы арқылы нағашы жұрт баланың келешекте кәсіпқой, еңбекқор және несібелі болуына ықпал жасаған. Соны жастайынан көрген бала нағашы жұртына деген құрметі артып, бауырмал болады.

Медицина не дейді?

          Сүндеттеу рәсімін бұрын-соңды молдалар мен имамдар жасаса, қазіргі таңда хирург мамандар жасайды. Оған «циркумзия» атты медициналық термин берген екен.

Сұлулау рәсіміне қатысты екіұшты пікір қалыптасты. Кеңес заманында біреулер оны «психикалық зардапқа әкеледі, жыныстық мүшесін зақымдайды» деп бағалаған еді. Сол кезеңде сүндеттеуге толықтай тыйым салынды. Ғ.Қайрақбаев «Медицина және діни әдет-ғұрып» кітабында «сүндеттеу мүгедектікке әкеледі» деп жазған. Кейін бұл түсініктерді ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) жоққа шығарып, оның пайдасын көрсеткен. Сүндеттеудің артықшылықтары:

  • Сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісік ауруына азырақ шалдығады;
  • Гигиеналық тұрғыдан пайдалы. Бактерия, стафилокк (ірің), гонореяның алдын алады;
  • Аустралиялық ғалымдар АИВ, ЖИТС-ке сүндеттелмегендер жиі ұшырайтынын анықтады. Өйткені бұл вирустар ең алдымен жыныс мүшесінің тінін зақымдайды екен. Яғни сүндет жұқпалы аурудан сақтай алады;
  • Фимоз, парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінен қорғайды;

«Ердің ісі – елдің мойнында» демекші, ата-бабамыз ер мінезді, салмақты да сабырлы, жақыны мен еліне жанашыр әрі дені сау азамат тәрбиелеудің жолын бір салтқа сыйдыра білген. Сүндеттеу – тек ұлттық сипатты білдіретін ғұрып емес, психологиялық, адамдық, медициналық тұрғысынан пайдасы бар рәсім.

Қырмызы Скендирова