«Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасы: қаржының жұмсалуына бақылау енгізу

12 қазан 2023 жыл. «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының қаражаты біреудің қалтасына емес, шын мәнінде энергетиканы жаңғыртуға жұмсалуы үшін бақылау енгізуді ұсынды – бұл туралы Азат Перуашев сайлаушылардың өтінімдері бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Партия лидері инфляция мен бағаның өсуі проблемасына тоқталып, Үкімет монополистерге тарифтерді көтеруге рұқсат беруі, тауарлардың өзіндік құнына әсер ететіні туралы айтып өтті.

«Шынтуайтында сіздер энергетика олигархтарын қолдап отырсыздар. Тарифтердің бөтеннің қалтасына емес, энергетиканы жаңғыртуға жұмсалуын қамтамасыз едіңіздер» — деп талап етті А.Перуашев Үкіметке қарата.

Өткен жылыту маусымында түрлі өңірлерде коммуналдық апаттар легі орын алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Инвестиция орнына тариф» механизмі аясында энергетикалық нысандарды жаңартуды тапсырды. Үкіметтің бағалауы бойынша, бұл бағдарлама аясында тұтынушылардан қосымша 400 миллиард теңгеден астам қаражат жинау жоспарланып жатыр.

Алайда, 2009-2015 жылдардағы ұқсас бағдарлама тәжірибесін бойынша, халықтан және кәсіпкерлерден тарифтен тыс жырып алынған қыруар қаржы шет елге аударылып кеткенін ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы биылғы жылдың 15 мамырында монополистердің жаңа миллиардтарды пайдалануының ашықтығын қамтамасыз етуді талап еткен.

Ал биылғы жылдың 4 қазанындағы депутаттық сауалында «ірі энергетикалық субъектінің  қажеттіліктері, сатып алу жоспарлары және ұзақ мерзімді офтейк-келісімдері туралы ашық ақпаратты қоса отырып» осы ұсыныстарды нақтылаған болатын.