Махамбет ауданы Жалғансай ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды

Атырау облысының Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылында дабыл белгісі іске қосылып, тұрғындарды түгел эвакуациялау басталды.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, түн ортасында Жалғансай ауылында салынған бөгет бұзылған.

«Дәл қазір ауылдық дәрігерлік пунктті су басу қаупі төніп тұр. Жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша күштер мен ресурстар сұралды. Облыс әкімі төтенше жағдай орнына барды. Сағат 01:20-да дабыл белгісі іске қосылды. Ауыл тұрғындарын ауылдағы мектеп пен аудан орталығындағы Д.Төленов, Е.Ағелеуов атындағы орта мектептер мен Нұршуақ, Алтынай балабақшаларына эвакуациялау басталды. Тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ», — деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Қазір төтенше жағдайды жоюға Қорғаныс министрлігінің жеке құрамынан 50 сарбаз бен 15 техника тартылған.

Жалғансай ауылы аудан орталығы – Махамбет ауылынан 15 шақырым қашқытықта орналасқан. Бұл елді мекенде 1286 адам тұрады. Тұрғын үйлер саны – 237.

Фото: Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы